KZ
Өскемен
+12°
переменная облачность жел 2 м/с, З
481.84 531.33 5.07

Ермак Сәлімов Бобровка кентінің тұрғындарымен кездесті

10.04.2018, 07:11 180

Қазіргі уақытта Түйемойнақ аралында және Мирный, Бобровка кенттері мен Пристань және Затон аудандарында қалпына келтіру жұмыстары әлі де  жүріп жатыр. ТҮКШ және ТЖ қызметтері суды дереу сорып алып, көшелердің ішін тазартуға тырысты. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың шешімімен бұл жерлерге шұғыл түрде көмір мен ағаш жеткізілді. Мектептерде су тасқыны кезінде үйлерін тастай қашып шыққан тұрғындарға киім – кешектер мен азық-түліктер «Нұр Отан» партиясының Семей филиалы жүйесі бойынша табысталуда. Алматы қаласынан да  гуманитарлық көмек жеткен. «Тепло» қайырымдылық қоры арқылы аяқ киімдер, жылы киімдер әкелініпті.


Бірақ гуманитарлық көмек Бобровка ауылындағы кейбір тұрғындарға жетпей қалған көрінеді. Су басқан күннің ертесінде тұрғындар өздерінің күнделікті жұмыстарына кеткен екен. Сол кезде оларға жеткізілген көмірді кейбіреулері ала алмай қалған. Себебі көмір алу үшін қол қою керек болған.


-Дүйсенбі күні үйде тосып ем, көмір әкелмеді,-деді тұрғын Наталья Куроленко,- Келесі күні мен жұмыста болған кезде келіп, көмірді таратып қойыпты. Үйде 80 см су тұр.  Матрастар, қайырымдылық көмекті көбіне үйде отырғандар алады да, жұмыста жүрген біздерге жетпей қалады. Үйлері суға кеткен кейбір ішімдікке әуес адамдар жеткізілген көмекті спиртке айырбастап жіберіп те жатыр.

Халықтың өтінішін назарға алған қала әкімі Ермак Сәлімов олармен кездесу барысында отын, көмір жетпегендерге қалайда жеткізуді тапсырды. Ермак Бидахметұлы алдымен Затон ауданының тұрғындарымен жүздесті. Содан кейін екі күн бойы Бобровка кентінде болды. Әрқайсысының проблемаларын тыңдап, үйлерін қайта қалпына келтіру үшін не істеу керектігіне назар аударды. Кейбір адамдарға суық тиіп, сырқаттанып қалғандықтан дәрі-дәрмекті жеткізуді де, дәрігерлердің қарауын да назарға алатынына уәде берді.



- Үйлеріңізді жылыту үшін отын-су жеткізіп береміз,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,- Ең бастысы үйлеріңіздің іші кеуіп, құрғауы керек. Бірақ үйді электр жылытқышпен жылытушы болмаңыздар. Тек қана көмірмен жылыту керек. Егер отын, көмір бітіп қатса, тапсырыс бересіздер. Тағы да жеткіземіз. Кейбір адамдар жұмыста болып, көмір ала алмайды екен. Олай болса, Бобровка тұрғындарына талон жасап беру керек. Олардың зардап тартқан деген құжаты бекітілсін. Сонда жұмыста болғандардың дүниесін үйде бос отырғандар алып алмайтын болады. Әркім өзіне тиесілі ғана үлесін алады.

Қала әкімі Бобровка кентінің үйлерін аралап, қарап көрді. Көбі тұруға жарамды. Десе де, бұл жерде тұрып жатқан тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмыс деңгейі төмен болғандықтан оларға су тасқынының зардабы екі есе ауыр тиген.


-Біз 15 күн ішінде келген зардап шығындарын нақты анықтаймыз,-деді  қала әкімі,- Мен қаладағы арнайы комиссияның төрағасымын. Комиссия үйді, қора-қопсыны, тұрмыстық техниканы, дүние-мүлікті барлығын анықтап, баға береді. Содан кейін ғана  қаншалықты және кімге қалай жәрдемақы береміз соны нақты шешеміз.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив