Аманжолов университеті аягөздіктерге гуманитарлық көмек жеткізді
Сәрсен Аманжолов атындағы мемлекеттік университеттің бір топ оқытушылары мен студенттері Аягөз қаласына барып, сондағы мектеп түлектерімен кездесті. Басқосу көпбейінді мектеп-гимназиясында өтті деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметі.
Сапар мақсаты – кәсіби бағдарлау жұмысы ғана емес, сондай-ақ қайырымдылық акциясы – тасқыннан зардап шеккен қала тұрғындарына заттарды, кеңсе бұйымдарын табыстау.
ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген бастаған оқу орны делегациясының құрамында факультет декандары, «Серпін» штабының, қабылдау комиссииясының, Жастар ісі жөніндегі комитеттің жетекшілері болды. Қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Нүкібаев қарсы алды. Жиналғандар алдында сөз алған оқу орнының басшысы университет туралы жан-жақты мәлімет берді.
[su_slider source="media: 28034,28028,28033,28035,28027,28026,28029,28030"]
– Осы жылы Аягөз ауданы бойынша 775 оқушы 11-сыныпты, 925 оқушы 9-сыныпты бітіреді. Осы түлектердің әрқайсының алдында бір мақсат бар, ол – келешек кәсібін және оқу орнын таңдау. Осы жерде ең маңызды мәселе – қате қадам жасамау. Облыс мектептеріндегі педагогтардың 95%-ы – біздің университетің түлектері. Ағымдағы жылы мемлекет 20 мыңнан аса білім беру тапсырыс орнын, облыстық жергілікті бюджеттен 400 грант бөлуді жоспарлауда, соның ішінде 200-ге жуық грант біздің университетің мамандығы бойынша деп аталып отыр. ҰБТ шарасынан табысты өтсеңіздер, тегін білім алу мүмкіндігі жоғары. Жыл сайын университет түрлі бағытта 1500 астам маман дайындауда. Университет 65 жылдық тарихында 60 мыңнан аса кадрды оқытып шығарды, – деді С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Салтанат соңында ректор үздік оқып жүрген бір топ аягөздік студенттің ата-аналарын және оларға орта білім берген мектептердің директорларын алғыс хаттармен марапаттады. Аудан басшылығына су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арнайы жиналған гуманитарлық көмекті тапсырды.