KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 3 м/с, ОБ
481.84 531.33 5.07

Қатерлі ісікке шалдыққандарға қажетті медикаменттер келе бастады

30.03.2018, 12:38 178

Қатерлі ісіктің соңғы төртінші сатысына шалдыққан пациенттерге аса қажетті есірткі препараттары облысқа келіп түсе бастады. «СК-Фармация» ЖШС 29 наурыз күні өңірге 300 ампула морфин препаратын босатыпты. Сонымен қатар 5 мың ампула трамадол дәрісі де жеткізіледі. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Марат Шоранов жергілікті ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді.


Бұған дейін өңірдегі амбулаторлық емдегі онкологиялық науқастарға ауырсынуды басатын морфин мен трамадол дәрілері берілмей жатыр деген ақпарат тараған болатын. Ауыр дертке ұшырағандар жыл басынан бері өмірлеріне аса қажетті осы медикаменттерге қол жеткізе алмай келген.


-Бұл тек біздің аймақта ғана қалыптасқан жағдай емес, республика көлемінде орын алды, - деп атап өтті Марат Шоранов. – Жыл басынан бері есірткі препараттарын босату кешіктірілгені рас. Өмірлеріне қажетті медикаменттер болмай қалған кезде олар мүлде емсіз қалды деуге болмайды. Қалада тұратындарды диспансерлердегі паллиативті көмек бөлімшелеріне жатқызып, аудандардағы науқастарды аудандық  орталық аурухананың күндізгі стационар жағдайында қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырдық.

Басқарма басшысының айтысына қарағанда, облыста жаман дерттің соңғы стадиясымен ауыратын 173 пациент болса, олардың 43-і есірткі препараттарын үнемі қажет ететіндердің қатарына жатады. Дәрігерлер бұл науқастардың әрқайсысын жеке-жеке біледі. Олар көбінесе Өскемен, Семей, Риддер қалаларында, Шемонайха, Тарбағатай, Күршім аудандарында тіркелген.  -Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдан бастап амбулаторлық науқастарға дәрі-дәрмек орталықтандырылған жүйемен сатылып алынады, - деп жалғастырды сала басшысы. -  Ал енді есірткі медикаменттеріне келетін болсақ, бұл спецификалық дәрі-дәрмекті сақтау мен тасымалдау ерекше жағдайды талап етеді. Сол себепті жыл басынан бері жарияланған бірнеше конкурста тасымалдаушы табылмады.  Осы тығырықтан шығу мақсатында біз «СК-Фармация» ЖШС-мен бірлесе қимылдап, 29 наурызда облысқа 300 ампула морфин препаратын бөлуге қол жеткіздік. Бұл медикаментті терапевтер науқастарға жұма күні босата бастады. Сонымен қатар Шымкенттегі өндіруші «Химфарм» фирмасы біздің өңірге тегін 5 мың ампула трамадол дәрісін жөнелтті. Бұл препарат та ары кетсе дүйсенбі-сейсенбі күндеріне дейін облыстың отбасылық-амбулаториялық орталықтарына түсіп қояды деп отырмыз. Біз демалыс күндеріне қармастан, соған бар күшімізді саламыз.  Бұл дәрі-дәрмек келесі конкурстың қорытындысы шыққанша жетеді деп ойлаймыз. Конкурстың шешімі 10 сәуірге дейін шығуы керек. Жағдай біздің бақылауымызда.


Шенеуніктің сөзіне қарағанда, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жаңа жүйесінің ұтымды тұстары да бар екен. Мысалы, облыс 750 миллион теңге үнемдеп қалған. Бұл негізінен, препараттарды толайым бағамен сатып алудың жемісі болса керек. Марат Шоранов үнемделген қаржы тұрғындарға қажетті дәрі-дәрмектің ауқымын кеңейтуге, қосымша препараттар сатып алуға мүмкіндік беретінін айтты. Жыл басынан бері жарияланған конкурстардың нәтижесінде өңірге 339 түрлі медикамент сатып алынған, 62 түріне әлі қол жеткізілмепті. Наурыз айының басында өткен соңғы конкурста  ұсынылған 48 позицияның 15-і бойынша тасымалдаушылар табылған. Қалған 23 түрлі дәріге бағасының тым төмен болуынан тасымалдаушылар шықпаған. Басқарма басшысы салалық министрлікке  дәрілердің бағасын қайта реттеу туралы ұсыныспен шығатындарын жеткізді.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив