Өскемендегі Меновной кентінің тұрғындары мереке күні сумен арпалысты
Меновной кентіндегі Жүнісов көшесі 12 мекен-жайында орналасқан үйді осымен үшінші рет су басып отыр екен. Тұрғындардың айтуынша, олар жергілікті әкімдікке де, ТЖ қызметтеріне де сан рет хабарласқан, бірақ көмек көрсетуге ешкім асығатын емес. Адамдар өз күшімен суды сорып, бағытын бұратын арықтар қазып, тырысып бағады. Дегенмен, шамалары жетпей, шарасыз күйде отыр. Еріген қар суының қысымы бекіткіш бөгеттерді бұзып кетіп жатыр. Көшелерді де, үйлерді де, үй аңындағы қора-қопсыны түгел су басуда.
-Ешкім назар аударар емес, - дейді Любовь Яковлева, - Біз сұрап әлекпіз, бірақ Төтенше жағдай қызметі өздерің бір амалын табыңдар дейді. Сонда қалай? Мен жалындым да, жыладым да, ұрсыстым да... бәрі бос. Суды бұру керек немесе бөгет тұрғызу қажет. Су бізге зираттардан келіп жатыр, біз үйлеріміз құлай ма деп қорқып отырмыз.
Бұл маңның тұрғындарының ұйқылары қашып, тәулік бойы көшелерде кезекшілік атқарып жүр. Өйткені бүгінгі күнмен бастарына түскен қиындық толастамайтын көрінеді. Үйлердегі, жерқоймалардағы азық-түліктерді түгел тастауға тура келген екен, себебі басып жатқан су туп-тура зират арқылы өтіп келіп отыр. Адамдар түрлі ауруды жұқтырамыз ба деп қорқады.
Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, кенттегі зардап шеккен үйдің саны жүзден кем болмайды. Су тасқынының бірінші толқынынан кейін, бұл жағдайдың алдын алуға болар еді, бірақ тиісті жұмыстар атқарылмады, - деп санайды тұрғындар.
Проблемаға салғырттық танытқанның салдарынан, бүгінде қаншама адам зардап шегіп отыр. Биылғы Наурыз мерекесі адамдардың есінде қалатын болды.
[su_slider source="media: 26397,26398,26399,26400,26401,26402,26403,26404,26405,26406,26407,26408"]
Су тасқыны бойынша «112» және «138» телефондары арқылы хабар беруге болатынын естеріңізге саламыз. Сондай-ақ, құжаттарды, қажетті заттарды және азық-түлік дайындап қойыңыздар. Су үйге жақындаған жағдайда электр энергиясын өшіріп, қауіпсіз жерде көмекті күтуге кеңес береміз.