Су басып жатқан Аблакетка кентіне техника қажет
Өскемен қаласының бір шетінде орналасқан Аблакетка кентін қазір су басып жатыр. Әсіресе, кенттегі Ермак бұрылысындағы меншік үйлер аса зардап шегіп отыр.
Оқиға орнына Төтенше жағдай бөлімі мен Өрт сөндіру қызметі келіп жетті. Олар қолдан келген барлық көмекті көрсетуде. Қазір су сорып алынуда. Бірақ жұмыс нәтижелі болу үшін ауыр техника қажет екен.
Су басып кеткен үйлердің бірінде жеті адам тұрып жатыр екен. Арасында екі айлық сәби де бар. Қазір тұтас бір отбасы көршілердің үйін паналап отыр.
- Бір үйде жеті адам тұрамыз, үлкен ұлым қайтыс болған, - дейді үй иесі. - Келінім, немерелерім, кенже ұлымның отбасы - барлығы осы үйде тұрамыз. Енді далада қалдық. Баратын жеріміз жоқ. Үй мүлде пайдаға жарамай қалды. Үш жыл салып, тұрғызған едік. Құжаттарымызды үлгергенімізше алып шығуға тырыстық.
Баспанасыз қалған тұрғындарға өтемақы төлене ме екен деген сауалға бас қатыруға уақыт та болмай жатыр. Десе де, барар жері, басар тауы қалмаған отбасына мәселе шешімін тапқанша уақытша тұратын баспана қажет-ақ.
Кент тұрғындарының айтуынша, бұрын осы тұста су ағатын құбыр болған екен. Қазір ол жоқ. Сол себепті таудан аққан судың барлығы үйлерге қарай кетіп жатыр.
Су сорып алып жатқан техниканың шамасы жетпейтін көрінеді. Бұл жерге қосымша ауыр техника жіберу қажет болып тұр. Су басу кеше сағат кешкі 20:00-ден басталған. Тұрғындар шелекпен суды шығарып, күрекпен қазып, су арнасын бұрмақ болған. Бірақ су мөлшері өте көп.