KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,7 м/с, В
478.93 534.96 5.16

ШҚО-да жас хоккейшілер 500 мың теңгенің сертификатына ие болды

5.03.2018, 10:35 142

Өскеменде шайбалы хоккейден балалар мен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі облыстық «Жұлдызша» жарысы мәресіне жетті. Биыл бесінше рет ұйымдастырылған турнир Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналды.


Айта кетейік, облыстық мәртебеге ие жарысқа 2004-2007 жылдары туған жас хоккейшілер қатыса алады. Биылғы додада Шығыс Қазақстанның барлық ауданы мен қаласының командалары бақ сынап, үздіктері Өскеменде өткен финалдық кезеңге жолдама алған болатын. Финалдық кезеңнің ойындары мен жарыс жүлдегерлерін марапаттау рәсімі қаладағы №11 орта мектептің мұз айдынында өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен өскемендік хоккейдің ардагерлері арнайы қатысты.


– Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған жарыстың мәні мен мәртебесі жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, облыста нағыз ерлер ойыны саналатын хоккейге бет бұрған жастарымыздың қатары молаюда. Бүгінгі жарыс соның бір дәлелі деуге болады. Облыс басшылығы атынан сіздерді «Жұлдызша-2018» жарысының аяқталуымен құттықтаймын. Биылғы турнирде топ жарған кіші топ хоккейшілері республикалық жарысқа қатысуға мүмкіндік алып отыр. Сол жарыста жас хоккейшілеріміз облысымыздың намысын абыроймен қорғайтындарына кәміл сенеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.


Ал енді жарыс қорытындыларына келер болсақ, биылғы турнирде әдеттегідей өскемендік және семейлік командалар алдына жан салмады. Облыс орталығының жас хоккейшілері кіші топта (2006-2007 жылдары туған балалар) үздік атанса, семейлік өрендер 2004-2005 жылғы ойыншылардан құралған командалар бәсекесінде ешкімге дес бермеді.



Осы ретте, жеңімпаз командалардың әрқайсысына облыс әкімінің арнайы жүлдесі – 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылғанын айта кеткен орынды. Сонымен қатар жүлделі орындарға Зырян мен Глубокое аудандарының және де Риддер қаласының хоккейшілері көтерілді. Бұл командалар да сый-марапаттан кенде болған жоқ. Жарыс ұйымдастырушылары турнирдің үздік қақпашысы, қорғаушысы мен шабуылшысы атанған ойыншыларды да назардан тыс қалдырмады. Бұған қоса «Хоккеймен әуестенушілер клубы» АҚ-ның арнайы сыйлықтары да үлестірілді.



Жоғарыда айтқанымыздай, кіші топта үздік атанған Өскемен қаласының командасы енді республикалық турнирде облыс намысын қорғайтын болады. Аталмыш жарыс 21-29 наурыз аралығында Петропавл қаласында өтпек.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив