KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
476.27 515.47 5.41

Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері төрт тілде жарық көреді

28.02.2018, 05:17 235

ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Түркия астанасы Анкара қаласындағы Гази университетінде Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жасқа толуына орай "Мағжан Жұмабаев жылы" шымылдығын түрді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.


Бұған дейін хабарлағанымыздай "Кастамону-Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылы аясында Түркі əлеміне ортақ үш тұлғаның мерейтойларын атап өту қолға алынған болатын. Соның ішінде Кастамону қаласында бастау алған шара Анкарада жалғасын тауып, халықаралық конференцияға ұласты.


Жиынға Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі мәдениетін дамыту ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хүсейін Яайман, Гази университетінің ректоры Ибрахим Услан, Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак, Ахмет Яссауи университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз, Түркият институтының директоры Хулия Касапоғлу Ченгел, сонымен қатар Қазақстанның белгілі әдебиеттанушы-ғалымдары Айгүл Ісмақова, Серікқазы Қорабай, Зарқын Тайшыбай, Қайырбек Кемеңгер, Ербол Тілешов, Сәуле Маликовалар қатысты. Шара барысында Елші А.Сапарбекұлы Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак мырзаны ҚР Сыртқы істер министрлігінің тағайындаған «Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынастарына 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.



ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен қолға алынған шара қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев жылына орайластырыла отырып Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында қамтиды. Оған себеп, қазақтан туған батыл ақынның от шарпыған жалынды өлеңдері Түркі елдерінде де ортақ сипатта қанат жаюы "ТҮРКСОЙ" халықаралық ұйымы және Еуразия жазушылар Одағының бастамасымен "Алыстағы бауырыма" деген атпен түрік тілінде жарық көрген жинақтан-ақ аңғарылады. Кітапқа Мағжанның "Түркістан", «Қазақ тілі», "Алыстағы бауырыма", "Айда атыңды, Сәрсембай", "Абақтыда" сынды көптеген өлеңі енген. Жырларды Түркияның белгілі ақындарының бірі - Али Акбаш және ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілі Асқар Тұрғанбаев тәржімалаған.


«Ақын өлеңдерінің жан тербетер әрбір жолдары мен болашақтан күтер арман-үміті барша түркітілдес елдердің ортақ мақсат-мүддесі мен бір арнасын сипаттап тұрғандай. Мағжан - түрікшіл, тұраншыл тұлға. Ол түркі халықтарының бірлігі үшін жанын берген адам», - дейді, түрік ақыны Али Акбаш.

Расында да айтулы жылдың салтанатты ашылу мен арнайы халықаралық конферанцияға қатысушылар Алаш ақынының «Алыстағы бауырыма», «Мен жастарға сенемін» атты өлеңдерін кезек-кезек мінбеге көтеріліп, тебірене оқыды. Әсіресе, Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хүсейін Яайман «Алыстағы бауырыма» өлеңін түрік тілінде жатқа білетінін айтып, оқи жөнелгенде көпшілікке айрықша әсер қалдырды.


Халықаралық жиынға 10-нан аса мемлекеттің әдебиеттанушы ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері қатысып ақын Мағжан Жұмабаевтың ғылыми мұрасы, жаңашылдығы мен шығармашылық эволюциясы, поэзиясы мен бірқатар өлеңдерінің тарихы, қайраткерлігі мен қаламгерлігі туралы баяндама жасады.


Сонымен қатар, аталған шара аясында Қазақстаннан келген қонақтар мен түрік зиялылары Анкараның Кечиөрен муниципалитетіндегі Мағжан Жұмабайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті.


Түркі халқы құрмет тұтқан Мағжан өлеңдері тек түрік тілінде ғана емес орыс, татар, түрік, өзбек, башқұрт тағы басқа ұлттардың тіліне аударылып, кітап етіп шығарылмақ.


Сондай-ақ, шараға Мағжан Жұмабаев өмірге келген Солтүстік Қазақстан облысының бір топ өнерпаздары қазақтың төл өнерін Түркияда паш етсе, ақын ғұмырынан сыр шертер мұралары мен қолданған дүниелері және кітаптары көрмеге қойылды.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив