KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 5 м/с, СШ
471.46 504.79 5.53

«Әке-шаңырақтың тірегі»

14.02.2018, 05:17 462

Семейде балаларға  отбасының ұйтқысы, негізгі тірегі әке екенін ұғындыру мақсатында және әкеге деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру үшін «Әке-шаңырақтың тірегі» атты шара өтті. Шарада бала мен әке арасындағы тығыз әрі ыстық байланысты ұғымдарға түсінік берілді. Отбасында әке орны жоғары тұратындығы айтылды.  Жиынды алғы сөзбен ашқан қаладағы №3 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Заманбекқызы Шиянова қатысушыларға әке-асқар тау екендігін тереңінен толғап, түсіндірді:


- «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туады,  адам айтса нанғысыз» дейді халқымыз. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке - жарық дүниедегі ең жақын адамның бірі. Әкені сыйлау, құрметтеу, оның отбасындағы орнын қастерлеп, қадірлеу кез келген баланың перзенттік борышы. Әкесіз бала - жетім. Әке - асқар шың, бақыттың алтын бағы. Әке - баланың тірегі, лүпілдеген жүрегі, ойындағы санасы, өмірдегі панасы. Ол бала үшін барын аямайды, аялап тәрбиелейді, болашағына үнемі бағыт-бағдар беріп отырады. Халық ер адамды сыйлай білмесе тексіз деп атайды. Әке отбасының асыраушысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Бала мен әке ынтымағы болмаған жерде әке жылуы сезілмейді. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. «Бір бала бар - атаға жете туады, бір бала бар - кері кете туады» деген тұжырымға сай баланың қандай болмағына негіз қалайтын әкенің өзі.

[su_slider source="media: 23813,23817,23814,23818,23821,23822,23815,23819,23816,23820"]


Шарада аталмыш мектептің  5 «В» сынып оқушысы Асылан Тоқанов, 6 «Б» сынып оқушысы Тұрсын Темірландар бірі күмбірлете күй тартса, бірі ұлттық нақышта әсем ән шырқады. Кезек психологиялық тренингке де келіп жетті.  Мектеп психологы Гүлназ Елеутай әкелерге сурет те салғызды, түрлі ойындар мен сауалнамалар жүргізді.  Шараға шақырылған әкелер Қуат Дауылов, Таңат Жайдарбеков, Шалұар Назарбеков, Нұржан Тайғұллин, бақтыбек Құрманов, Төлеухан Тұрғанбаевтар ұлдарымен бірге түрлі тапсырмаларды орындап, белсене атсалысты. Әсіресе, олардың барлығы да балалық шақтағы сурет деп, ауылдың тірлігін, ат жарыс, қазақ үйді салғаны ерекше қызық болды.


-Қазіргі балалар ұялы телефон, смартфон, айфондарға қарап отырады,-десті әкелер қауымы,-сөйтіп, тіршіліктен, нағыз өмірден қол үзіп қалады. Біздің балалық шақтың естелігі ретінде салған суретімізде қазақ халқының нағыз қайнар тірлігі көрсетілген. Сол кейінгі ұрпаққа үлгі болса дейміз.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Заманбекқызы  Шиянова  мен ұстаздар қауымы шараға қатысушыларға  ерекше бір естелік-мысал ұсынды:


Бір қария қатты сырқаттанып жатса, жалғыз ұлы келіп:


- Әке, мен сені айшылық жерде аты шыққан тәуіпке апарып емдетемін, - депті. Сөйтіп әкесін арқасына салып жолға шығыпты. Олар ұзақ жүріпті, қас қарайған кезде алдан қарауытқан сұлбаны көрсетіп әкесі:


-Балам, анау не? -деп сұрапты.


- Ол түйе, -деп жауап беріпті. Сәлден кейін әкесі әлгі қарайған нәрсенің не екенін тағы сұрапты. Баласы әлгі жауабын тағы қайталапты. Әкесі үшінші рет сұрағанда баласы:


- Ол түйе, түйе! Өзім шаршап келе жатқанда қайта - қайта неге сұрай бересің? -деп ренжіпті. Сонда әкесі:


- Балам, кішкене кезіңде мен ауыр тірліктен шаршап келіп отырсам да, сенің «Анау не, мынау не?» деп күніне жүз рет сұрайтын сұрағыңа беті қайтпасын, жігері жасымасын деп үнемі жауап беретінмін. Бұл аурудан емделейін деген ойым жоқ еді, тек бетіңді қайтармайын деп көнгенмін, енді сенен сөз естігенше, үйіме барып, ажалға мойын ұсынғаным артық, мені жерге түсір», -деген екен.


-Әкені құрметтеу - айрықша парыз,-деді Қарлығаш Заманбекқызы сөзін жалғап,-әкенің адал күшін ақтау - өз болашағыңды сақтау. Ата-анаға не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың. Сен ата-анаңды сыйласаң, сенің балаларың да қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып-қағатын болады. Осыны естен шығармау керек.

Келесі кезекте «Айналайын жан әке!» тақырыбында оқушылардың әкелеріне арналған арнау өлеңдері оқылды.    Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Мектепте өткізілген шараға қала бойынша  жиналған жастар мен оқушылар атаның батасы, ақ тілегі, әкенің орны туралы көптеген тағылымды дүниелерді ұғынып қайтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив