KZ
Өскемен
+32°
переменная облачность жел 1 м/с, С
464.72 496.32 5.4

Салық түсімін 300 миллион теңгеге дейін жеткізуге болады

8.02.2018, 06:28 199

Зырян аудандық туризм бөлімінің мамандары өңірдің рекреациялық аймақтарындағы су жағалауы картасын әзірлеп жатыр. Онда аталмыш аймақтарда орналасқан жер телімдері мен ондағы ғимараттар туралы егжей-тегжейлі жазылатын болмақ. Әр туристік нысанның төлқұжаты жасалып, олар туралы ақпарат электрондық базаға енгізілмек.


Бұл, әрине, бір күнде, тіпті, бір айда тындырылатын шаруа емес. Себебі, бір ғана Бұқтырмадағы рекреациялық аймақтың аумағына кіретін жағалаудың ұзындығы 35 шақырымды, ал жалпы ауданы 14,5 шаршы шақырымды құрайды екен.


– Бұқтырма жағалауындағы елді мекенді кент деп те атауға болады. Бүгінде мұнда жеке саяжайлардан бөлек, 130-ға жуық демалыс базасы кіреді. Жаз айларында демалыс сайын мұнда 40-45 мың адам келіп қайтады. Бұл аудан орталығы Зырян қаласының халқынан да көп. Сол себепті, жағалаудың бас жоспары әзірленуі тиіс. Бұл жөнінде құзырлы мекемелерге тиісті бюджеттік тапсырыс та жолданған, – дейді аудандық туризм бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Князев.

Осы ретте, мамандар су қоймасының жағалауындағы жерлерді Жаңа Бұқтырма кенттік округінің құрамына қосу дұрыс болады деген пікір айтуда. Бұл елді мекенді абаттандыруды жеңілдетіп қана қоймай, инфрақұрылымдық мәселелерін де шешуге мүмкіндік бермек.


Маман тексеру амалдары барысында өз еркімен жер иемдену, су басу қаупі жоғары аймақтарда құрылыс жүргізу сияқты фактілер анықталғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол су қоймасы жағасында орын тепкен үлкенді-кішілі демалыс базаларында салық төлеуден жалтару деректері де кездесетінін жасырмады.


– 2015 жылы туристік субъектілерден бюджетке түскен салық мөлшері сегіз миллион теңгені құраса, 2016 жылы оның көлемі 31 миллионға дейін ұлғайған. 2017 жылдың қорытындылары әлі белгісіз. Дегенмен, біздің есеп бойынша, былтыр қазынаға алдыңғы жылдан да көп салық түскен-ді. Болашақта салық түсімінің мөлшерін 300 миллионға дейін жеткізуге болады, – дейді Вячеслав Князев.

Аталмыш бағыттағы жұмысты жеңілдету, әрі жариялы ету мақсатында биылдан бастап аудандағы туристік нысандарда POS-терминалдар жүйесін іске қосу жоспарлануда екен. Аталмыш жүйе туристік қызметке банк карточкасымен төлем жасауға мүмкіндік бермек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив