Ержан НҰРАХМЕТОВ: – Полиция қызметкері табанды болуы керек
– Құқық қорғау органдарында қызмет етуге бел буған адамның бойында ең алдымен туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі болуы керек, – дейді облыстық Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ержан Нұрахметов.
Осы салада табан аудармай 13 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан маманның өз өмірін полиция қызметімен байланыстырғысы келетін жастарға айтар ақылы мен берер кеңесі көп.
Кейіпкеріміз құқық қорғау саласындағы мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте Ішкі істер министрінің марапатына ие болған. Әсіресе «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан полициясына – 30 жыл» төсбелгілерінің орны бөлек, дейді Ержан Маратұлының өзі.
Тағы бір айта кетер жайт, ол 2017 жылы сала мамандары арасында ұйымдастырылған республикалық жарысқа қатысып, «Үздік полиция қызметкері» атанған.
Жерлесіміздің байрақты бәсекеде топ жаруына өзі айтқан спортқа деген құштарлығы да зор септігін тигізіпті. Жекпе-жек өнерлерін ерекше жақсы көретін Ержан Маратұлының дзюдодан «Спорт шеберлігіне үміткер» деген атағы да бар екен.
Бүгінде Риддер қаласының тумасы Ержан Нұрахметов жары екеуі екі ұлды тәрбиелеп, үлгілі отбасылардың бірі атанып отыр. Білімі мен білігі арқасында кейіпкеріміз әріптестері арасында да орасан зор беделге ие.