Омбы-Майқапшағай жолын қытайлықтар да салады
Халықаралық маңызға ие Омбы-Майқапшағай тас жолының Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы бөлігі 711 шақырымды құраса, бүгінде оның 171 шақырымы күрделі жөндеуден өткен. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың құрылыс компаниялары басшыларымен өткен кездесуі барысында мәлім болды.
Басқосуда белгілі болғандай, облыстағы республикалық маңыздағы трассаларды қалпына келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде екен. Бірқатар жол учаскесі ағымдағы жылы пайдалануға берілмек.
Сондай трассалардың бірі болып саналатын Омбы-Майқапшағай тас жолының ең ұзақ бөлігі біздің облысқа тиесілі. Павлодар облысының шекарасынан басталып, Семей, Қалбатау, Зайсан арқылы Майқапшағайға дейін апаратын күре жолдың бойында бүгінде үш мердігер компания жұмыс істеуде. Олардың ішінде шетелдіктер де бар. Құзырлы мекемелердің өкілдері хабарлағандай, жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Былтыр жол жөндеушілер трассаның асфальт-бетон қоспасынан тұратын астынғы қабатын төсек қойыпты. Биыл біраз жерге үстіңгі қабаты да төселмек.
Тағы бір айта кетерлік жайт, аталмыш жолдың ҚХР-мен шекараға жақын бөлігін осы елдің құрылысшылары жүргізеді деп күтілуде. Жоба республикалық бюджет пен жеке инвесторлар есебінен қаржыландырылмақ. Кездесуде мәлім болғандай, құрылыс жұмыстарына жауапты China Xinxing Corporation (Group) компаниясының есебіне қажетті соманың 50 пайызы аударылып қойған.
– Аталмыш учаскедегі дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазір мұнда вахталық қалашық пен өндірістік базаның құрылысы жүргізілуде. Тас-құм шығаратын карьерлер белгіленіп, қосалқы мердігерлермен су құбырын және инженерлік жүйені тарту жөнінде тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалының жолдар құрылысы дирекциясының басқарушы директоры Валентин Цой.
Оның айтуынша, облыста өткен 2017 жылы тағы бір ірі жоба (Алматы-Өскемен бағытындағы республикалық трассаны қалпына келтіру) қолға алынып, тиісті құрылыс жұмыстары басталған. Айта кетейік, аталмыш жолдың 458 шақырымы біздің облыстың аумағымен өтеді. Үкімет қаулысына сәйкес, бұл жоба мемлекеттік емес сетордың есебінен қаржыландырылмақ. 11 шартты учаскеге бөлінген магистральдің бойында бүгінде жобалық ұйымдардың қызметкерлері геодезиялық және гидрологиялық жұмыстарын жүргізуде. Бір айта кетерлігі, жұмыс барысында мамандар жергілікті халықтың талап-тілектерін де ескеруде екен.
Құрылысшылар мәлімдегендей, күрделі жөндеуден өткен Алматы мен Өскемен қалалары арасындағы күре жол 2022 жылы пайдалануға берілмек.
Басқосу соңында облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов құзырлы мекемелер басшыларына құрылыс жұмыстары кестеден кешіктірілмеуі тиіс екенін ескертіп, бұл жөнінде тиісті міндеттер жүктеді.