KZ
Өскемен
+8°
пасмурно жел 1 м/с, Ю
478.96 533.03 5.22

Қылмыс саны айтарлықтай азайған

19.01.2018, 11:08 141

Облыста былтыр барлығы 22 526 қылмыс тіркелген. Бұл - Алматы, Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарынан кейінгі бесінші көрсеткіш. 2016 жылмен салыстырғанда жасалған қылмыстар саны 10%-ға азайған. Бұл туралы облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерлан Карменовтің халық алдында есеп беру жиынында айтылды.


Аталған жиынға Өскемен қаласындағы түрлі еңбек ұжымдарының қызметкерлері, қоғам өкілдері, ІІД консультативтік-кеңес органының мүшелері қатысса, ішкі істер департаментінің қалалар мен аудандардағы барлық бөлімшелері  есеп беру мәжілісіне бейне байланыс арқылы қатысты.


Естеріңізде болса, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 30-шы қадамын  жүзеге асыру мақсатында Елбасы 2015 жылдың 2 қарашасында  «Жергілікті полиция қызметінің жұмысы бойынша  Қазақстан Республикасының  кейбір  заңнамалық актілеріне  өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын.


Содан бері жергілікті полиция қызметі екі жылдан астам уақыт өз міндетін абыроймен атқарып, аймақтағы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Жергілікті полиция қызметін құрудағы негізгі мақсат – қоғам мен жергілікті атқару органдары алдында есеп беру арқылы полицияның қызметін айшықтай түсу екені белгілі.


Кездесуде, полиция полковнигі Ерлан Кәрменов атап өткендей, өңірде есепті жыл басынан бері 22 526 қылмыс тіркелген. Бұл - Алматы, Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарынан кейінгі бесінші көрсеткіш. 2016 жылмен салыстырғанда қылмыстар саны 10%-ға азайған.


Жүзеге асырылған іс-шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындардағы қылмыс 1500 мың, көшедегі қылмыс 950 фактіге кеміген. Учаскелік полиция қызметкерлерінің формалды түрде бақылауында тұрған 257 тұлға жария әкімшілік қадағалауға алынса, бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде босап шыққан 75 тұлға дұрыс жолға түспей, қоғамдық тәртіпті бұзғандары үшін бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды. Нәтижесінде рецидивтік қылмыстар саны төмендеген.


– Отбасының шырқын бұзып, құқық бұзушылық жасайтындармен жұмыс жүргізілді. 9 мың отбасы бұзақыларына қорғау ұйғарымы шығарылып, 576 тұлғаға қатысты сотпен ерекше талап қойылса, 395 тұлғаға алкогольді ішімдік ішуге ресми түрде тыйым салынды. Тұрғындар арасында қандай да бір тәртіпсіздік пен ұсақ тәртіп бұзушылықтарға төзбеушілік қағидаттары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде облыста өткен жылмен салыстырғанда құқық бұзушылықтардың саны 20 мыңға азайды. Есеп беру кезеңінде масаң күйде көлік құралын басқарған 3 мыңға жуық жүргізуші ұсталды. Көлік құралын басқару құқығынан  айырылған 218  жүргізуші мас күйде қайтара көлік құралын басқарғаны үшін  ұсталып, қылмыстық  жауапкершілікке тартылды, - деді Ерлан Кәрменов.


Бұдан бөлек жол жүру ережелерін қатаң бақылауда ұстау жол-көлік оқиғалары санының 15%-ға немесе 205 оқиғаға (1309-дан  1104-ке дейін),  ЖКО кезінде қайтыс болғандар санының  24%-ға немесе 40 адамға  (167-ден127-ге дейін)  және  әртүрлі дене жарақаттарын алған адамдар санының 300-ге   (1740-тан 1440-қа дейін) азаюына ықпал еткен.


Кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы  құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ олардың құқықтарын  қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау мәселелері  ішкі істер органдарының негізгі бағыттарының бірі болып  қала бермек.


Жергілікті полиция қызметі бастығы орынбасарының айтуынша,  жалпы  соңғы 10 жылда  жасөспірімдер қылмысы шамамен екі есеге  төмендеген. 2017 жылы да осы бағыт бойынша  оң қарқын байқалған. Жасөспірімдер қылмысының деңгейін тұрақтандыру  мақсатында  жергілікті полиция қызметі арнайы шаралардың ауқымды кешенін  жүзеге асыруда. Атап айтқанда:


- 4775 кәмелетке толмаған жеткіншек  түнгі уақытта  көшеде жүргендері үшін ұсталып, олардың ата-аналары  Қазақстан Республикасындағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы бойынша  әкімшілік жауапкершілікке тартылған;


- 32  ересек адам жасөспірімдермен  бірге  алкогольдік ішімдік ішкені үшін  жауапкершілік арқалаған;


- 191 тұлға  -  «Темекі өнімдерін сатқаны» үшін; 177 тұлға кәмелетке толмағандарға  алкогольдік өнімдер сатқаны үшін жауап берген;


- облыс  соттары 159 ата-анаға қатысты ата-ана құқығынан айыру туралы шешім қабылдаса, 11 заңды өкілдің ата-аналық құқығы  шектелген;


- 34 жасөспірім арнайы  білім ұйымдарына жіберілсе,  937 қадағалаусыз және панасыз қалған, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынан айырылған жасөспірім  бейімдеу орталығына орналастырылған.


Жергілікті полиция қызметі негізгі  көрсеткіштер және  полицияның азаматтармен тығыз байланысы бойынша  оң қарқын танытқан. Бұл жергілікті полиция қызметі қызметкерлеріне қатысты  шағымдардың санын 630 фактіге төмендетуге мүмкіндік берген.


Есепті жиынды қорытындылаған Ерлан Карменов жергілікті полиция қызметінің жеке құрамы  қоғамдық  тәртіпті  қадағалау және  қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша  жұмыс барынша  қарқынды түрде жалғасын табады деп атап көрсетті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив