Киім-кешек алып берді
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Өскемендегі мамандандырылған сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне қайырымдылық көмек көрсетілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің бастамасымен қолға алынған шара барысында бүлдіршіндерге киім-кешектер тапсырылды.
Балалар өздеріне базарлық алып келген демеушілерге алғыс білдіріп, ән мен биден шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Бұдан соң бізді ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге пана болып, олардың бойына тәлім-тәрбие сіңіру жолында аянбай тер төгіп жүрген мекеме директоры Гүлнәр Даниярова мұндағы күнделікті жұмыс барысымен таныстырды. Бүлдіршіндер үйінде балақайлардың ой-өрісін дамыту үшін барлық жағдай жасалыпты. Олай дейтініміз, аталмыш мекемеде мүмкіндігі шектеулі сәбилерге арналған оңалту бөлмесі және мінезі қиын балалармен жұмыс істейтін психолог кабинеті сияқты басқа да заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бөлмелер жетерлік екен.
– Әрбір баланың келер күнге үмітпен көз тігуі үшін оған дұрыс тәлім-тәрбие беру қажет. Ол үшін балаға ең алдымен ата-ананың қамқорлығы мен мейірімі, сүйіспеншілігі қажет. Әрине, бала үшін ата-анасынан жақын адамдар жоқ. Осы орайда, ағымдағы жыл басынан бері 25 бала өз отбасына қайтарылып, 23 бүлдіршін қамқорлыққа алынғанын айта кеткен орынды. Сонымен қатар биыл тоғыз баланы асырап алды, - дейді Гүлнәр Даниярова.
Айта кетейік, қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылар «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де қол ұшын беріп тұрады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының кадрлармен жұмыс жөніндегі орынбасары Батырбек Истениязовтың айтуынша, олар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға шама-шарқынша көмек көрсетіп тұрады.
– «Жетім көрсең, жебей жүр» деп қазақ бекер айтпаса керек. Сол себептен біз еліміздің болашағы – балалардың тағдырына бейжай қарауымыз қажет, - дейді Батырбек Истениязов.