KZ
Өскемен
-8°
небольшой снег Штиль
519.28 540.05 5.31

Үйлері жанып кеткен аягөздік отбасыға 15 күн ішінде жаңа баспана берілді

28.10.2019, 11:07 189

Апат айтып келмейді. Иә, кенеттен келген апат алты баласы бар Аягөз қаласының тұрғыны Нұрлан мен Айжан Төлтаевтарды абдыратып кеткені рас. Оныншы қазан күні отбасының Желтоқсан көшесіндегі үйі қызыл жалынға оранып, олар алты перзентімен бір-ақ күнде ашық аспан астында қалған болатын.

Аягөздіктер мұндайда әдеттегідей қол қусырып қарап отырмады. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев бірден комиссия құрып, іске жедел кірісті. Барлық мекеме, ұйым, кәсіпорындар бұл жағдайдан құлағдар болып, хал-қадарінше көмек қолдарын соза бастады. Кәсіпкер Талғат Мұхаметқалиев бір миллион теңге қаржы бөліп, жүрегінде иманы бар азаматтар «Аягөз Болашақ» қорына қаржы аударды. Міне, арада айға жетпестей мерзім өтпей зардап шеккен отбасына қала ішінен үй алып берілді.

-«Өрт-тілсіз жау» деген емес пе! Сумаңдаған жалын үйімізді жалмап кеткенде, ең алдымен шиеттей бала-шағамызды ойладық. Алдағы «Қылышын сүйретіп келе жатқан қыста» қайда барып паналаймыз деген қорқынышты ойдың келгені рас,-дейді Нұрлан Төлтайұлы,- Аллаға шүкір, міне, он бес күн ішінде баспанаға ие болып отырмыз. Аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы ағамызға, біздің осындай жағдайға душар болғанымызға өздерінің қамқорлығын білдіріп, қаржы аударып жатқан ағайынға, бір миллион теңге ақша берен Талғат Мұқаметқалиев бауырымызға алғыс айтамыз. Бұрынғы өртенген үйіміз «За линией» деп аталатын жақта болса, енді қала ортасына, «Жетінші квартал» ауданына қоныс аудардық. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев үш тонна көмір беретінін мәлім етті. Алғыстан басқа айтар жоқ. Біздің отбасында болған осындай апатты жоюға атсалысқан барша жерлестеріме рақмет айтам.

«Көп түкірсе-көл»деген осы. Жерлестері баспана сыйлаған Нұрлан мен Айжанның үлкен ұлы жиырмада болса, ең кенжесі әлі төртке де толмаған екен. Отағасының өзі Ақтоғай кентіндегі мыс өндірушілерде вахталық әдіспен жұмыс істейді.

Қысылған жанға қол ұшын беру кез келген адамгершілігі бар жанның жазылмаған парызы. Бір-ақ күнде баспанасынан айырылған Төлтаевтар отбасы осылайша жерлестерінің ізгі ниеті мен қайырымдылығының арқасында қала ортасынан баспанаға ие болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу