Конденсатор зауытына тың серпін берді
Биылғы жазда Астанада өткен «EXPO-2017» халықаралық көрмесі шығысқазақстандық кәсіпорындардың жұмысына да жаңа леп, тың серпіліс әкелді деп санайды Өскемен конденсатор зауытының өкілдері.
– Зауытымыздың делегациясы көрмеге, сондай-ақ, оның аясында өткен ғалымдар мен инженерлердің халықаралық конгресіне қатысып қайтты. Бұл конгресте электр энергетикасына, электрмен жабдықтау мәселелеріне қатысты көптеген білікті маман баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Ал біздің делегацияны әсіресе, электр қуатын үнемдеу, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі әлем білгірлерінің ақыл-кеңестері, ұсыныстары қызықтырды, – дейді «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС директорының техникалық саясат жөніндегі орынбасары Николай Ершов.
Оның айтуынша, конгресте әсіресе, қайта қалпына келетін энергия көздері мен электр қуатын үнемдеудің заманауи технологиялары туралы көп айтылыпты. Осы ретте Өскемен конденсатор зауытының елімізде аталмыш технологияларды қолданысқа енгізіп, дамытудағы орны ерек. Себебі оған қажетті құрал-жабдықтардың дені осы кәсіпорында шығарылады екен.
Ең қызығы, конденсатор зауыты халықаралық көрме өтпей тұрып-ақ онда ұсынылған бірнеше жобаны жүзеге асырып үлгеріпті.
– «EXPO-2017» көрмесі ұстанған бағыт-бағдарымыздың дұрыс екенін айғақтап берді. Жалпы, зауытымыз энергия қуатын үнемдеу мен қайта қалпына келетін энергия көздерін пайдалану төңірегіндегі жобаларды былтырдың өзінде-ақ қолға алып, жүзеге асыра бастаған болатын. Ал Астанадағы көрме мақсат-міндеттерімізді одан сайын айқындап бергендей. Енді осы бағыттарға басымдық беретін боламыз, – дейді Николай Ершов.
Белгілі болғандай, бүгінде өндіріске қажетті кейбір тауарлар ел аумағында шығарылмайтындықтан, конденсатор зауыты италиялық әріптестерінің көмегіне жүгінуге мәжбүр болып отырған көрінеді.
– Еліміздің экономикасы үшін де, экологиясы үшін де жел мен күннің қуатын пайдалану ұтымды. Бұл – дәлелденген факт. Алайда, республикамызда осы мақсатқа қажетті құрылғыларды жеткілікті мөлшерде шығара алатын кәсіпорындар саусақпен санарлықтай. Солардың бірі – біздің зауыт, – деген кәсіпорын директорының орынбасары алдағы уақытта зауытта өндірілетін тауарларға да тоқталды. Оның ішінде жел генераторлары мен күн батареялары сияқты өнімдер бар. Бұл жобалар шетелдік компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар, Николай Ершов елордадағы көрмеде бірнеше азиялық мемлекет көпшілік назарына қайта қалпына келетін энергия көздерін пайдалану жобаларын ұсынғанын және бұл тәжірибені Қазақстанның экологиялық таза жаңа энергия жүйесін құруда қолдануға болатынын айтты.