KZ
Өскемен
+21°
ясно жел 5 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Ел Президентінің Абай музейіне тарту еткен сыйлықтары

25.11.2017, 12:50 251

Абай қорық-мұражайы Қазақстандағы ең алғашқы әдеби-мемориалдық музей екені көпке аян. Қазіргі таңда музейдің қорында сақтаулы жәдігерлердің әрқайсысының өзіндік алар орны ерекше деуге болады. Музей қорындағы жалпы экспонаттардың саны 20376 дана. Оның 11 623 данасы негізгі қорда. Ел Президенті және Тәуелсіздік күніне орай Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориальдық қорық музейінде «Экспонат тарихы» атты жаңа жобаның тұсаукесері өткен еді. Бұдан былай келген көрермендерге әр экспонаттың тарихынан деректер толығымен әңгімеленетін болмақ. Соған орай әр ай сайын бір немесе бір-бірімен байланысты бірнеше экспонаттың осы мұражайға қалай тарту етілгендігі жөнінде баяндалатын кездесулер, басқосулар жиі ұйымдастырылып жатыр. «Экспонат тарихы» жобасының тұсаукесері барысында «Елбасы Абай елінде» тақырыбында Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы 21 жылда Абай мұражайына сыйлаған тартулары жайлы толық ақпарат берілді.

-Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы, алдағы 1995 жылы әлемдік деңгейде ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі, деп жоспарланған ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына дайындыққа орай мұражайдың ғимараты жаңадан салынуы керек деген тамаша шешімін шығарады. Абай халқының ұлы ойшылы, олай болса оның өмірі мен еңбек жолы халыққа үлгі-өнеге болуы қажет. Міне, содан бастап, Президент пен мұражай өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді, байланыстарын бір сәтке болса да үзген емес. Бұның дәлелі Елбасының әр жылдарда мұражайға тарту еткен естелік сыйлықтары,-деді музей директоры Болат Жүнісбеков.


Тәуелсіздік алған жылдары тіпті бәз біреулер «өзіміз әрең отырғанда тойлап не керек, Абайдың 150 жылдығын атап өту барып тұрған шығын» деген пікірлерін халықтың ішіне жаюға тырысқан еді. Тек көптеген жылдар өткенде ғана сол тіл мен жағына сүйенгендер Абайдың 150 жылдығы тойланғандығы дұрыс болған екен деп мойындағанын қайтерсіз. Ал Тәуелсіздікке енді қол жеткізген алғашқы кезеңде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің бар қайрат-жігерін, күшін, саяси қайраткерлігін, ақыл-амалын жұмсап, ЮНЕСКО көлемінде Абайдың 150 жылдығын атап өтуді әлемдегі алпауыт мемлекеттер алдына талап етіп қойды. Ол ұсынысы қабыл алынды. Міне, бұл күндері Алаштың 100 жылдығы тойлануда, оның алдында Қазақстанның ЮНЕСКО көлемінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы аталып өтілді.Одан арғы жылы жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді. Осының бәрі Елбасының еңбегі емес деп кім айтады?!

–1995 жылы 23 ақпанда Нұрсұлтан Әбішұлы Семейге арнайы келіп, жаңа ғимарат қалай тұрғызылып жатыр, осының барысымен танысты,-дейді музей директоры Болат Жүнісбеков,-және залдарға қойылатын экспозициялардың макеттерін де көрді. Бірден бірнеше сыйлықтар тарту етті. Ең көлемді сыйлығы бұл «Зерде» кітабы. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы-қазақтың ең қасиетті қазынасы» деп алғаш рет өзі жазды. Біз де келген қонақтарымызға экскурсиямызды осы сөздермен бастауды дәстүрге айналдырдық.


«Зерде» кітабы Нюрнберг қаласында жасалған арнайы мұқабалы кітап. Германиялық шеберлер қағазын неміс халқының көне тәсілі бойынша жасаған. Кітап таза былғары терімен түптелген. Ішінде 200 бет бар. Кітаптың көлемі 64х85 см, ал салмағы-58 килограмм. Бұл кітапты мұражайға әкелу үшін төрт ер адам арнайы көтергішке салып көтеріп кіргізген.Ол көтергіштердің барлығы бүгінде мұражайда сақталған. «Зерде» кітабына алғаш қолтаңба қалдырған Елбасының өзі. Одан кейін Татарстан Президенті және көптеген елдердің елшілері қолтаңбаларын қалдырды. 22 жыл өтсе де, кітаптың тек 20 пайызы ғана толыпты. Қолтаңба қалдыру үшін сырты алтындалған не күмістелген арнайы қаламды пайдаланылады. Бұл кітаптан Ұлыбритания, Жапония, Беларус, Үндістан сияқты көптеген елдердің өкілдерінің Абайға деген ықыласты сөздерін оқи аласыз. «Зерде» кітабын тарту еткен күні Елбасы «Абай» энциклопедиясын да сыйлады. Энциклопедияның алғашқы бетіне Елбасы Алатаудағы Абай биігіне шыққан кезде алған әсері туралы былай деп жазыпты: «Абай шыңына шыққан кезде, Абайдың ұлылығы алдында басымды идім».

- Елбасының Абай еліне, мұражайға деген құрметін біз келген қонақтарымызға үнемі айтып отыруымыз керек деп ақыл-кеңесін айтқан директорымыз Болат Жүнісбековтың ұсынысына орай міне, осы көрме залын ашып отырмыз,-дейді мұражай қызметкерлері,-экспонаттарың ішінде тікелей Президентке тарту етілген дүниелер де бар. Алған сыйлықтарын Нұрсұлтан Әбішұлы тікелей Абай мұражайының қорына тапсырды. Бұл Абайдың әшекелеп тоқылған портреті, оны Торғай өңірінің халқы Елбасына сыйлапты. Иран суретшісінің сыйлаған портреті, бұны Нұрсұлтан Әбішұлына Иран Президенті Рафсан Джани сыйға тартқан. Елбасының сыйлықтар өте көп болғандықтан, біз жеке зал ашып отырмыз. Президенттің «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» сөзін біз үнемі келген жастарға түсіндіріп жатамыз.


1940 жылы Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей болып негізі қаланған мұражай бүгінгі күні қанатын кеңге жайып, құрамында қазақ халқының біртуар перзенттерінің киелі қоныстары мен тарихи ескерткіштер орналасқан қорық алқабы бар еліміздің қасиетті рухани ордасына айналған республикалық қорық-музей дәрежесіне көтерілді. Бүгінгі таңда музей қорындағы жалпы экспонаттардың саны 20376 дана. Оның 11 623 данасы негізгі қорда екен. Қазіргі кезде еліміздегі музейлер – ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын өз алдына дербес мекеме. Осындай іргетасының қаланғанына 75 жылдан асқан мекемелердің бірі - Семейдегі Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы. Қорық-мұражайдың негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығармашылығына және оның ақындық-өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау болып табылады. Ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, Абай мұрасын тереңдей танытатын, ұлы тұлғалармен олар өмір сүрген ортаны елестететін тарихи жәдігерлердің орны орасан зор. Тәуелсіздік алғаннан кейін рухани ұлттық мұраларымызды саралап, бүгінгі биіктен бағалау аса қажет. Бүгініміз - ертеңгі тарих екені ақиқат.


Қазіргі таңдағы музейтану қорды жинақтауға музейдің әлеуметтік мәліметтерді жинау, қоғамдық дамуларды деректендіру сияқты қызметтерді іске асыратын мүмкіншіліктің бір түрі ретінде қарайды. Бұл өмір сүріп отырған ортадан әр мезгілде, әртүрлі мақсатта қолданылатын заттарды іріктеп, таңдап ала отырып, оны музей жинақтарына музей заты ретінде қосу сияқты жұмыстар арқылы іске асады. Ал музей қорындағы заттар өз уақытының деректері мен құжаттарының деректік қайнар көзі екені мәлім.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив