KZ
Өскемен
+5°
ясно жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Ертісте өсірілген бақтақ балықтары сатылымға шықты

21.11.2017, 17:49 226

Шығыстағы бірегей бақтақ немесе ханбалық (форель) шаруашылығы өздерінің алғашқы өніміне қол жеткізді.  Осы жылдың көктемінде "Гранд Фиш" ЖШС  құбылмалы бақтақ шабақтарының тұқымын алып, өсіре бастаған болатын. Бүгінде  тұқымдар іріленіп, көп-көрім салмақ жинады.  Аталған балық шаруашылығы Зырян ауданындағы Ермаковка ауылында. Олар  Өскемен су қоймасының бір бөлігін балық шаруашылығына пайдалану үшін тендер арқылы ұтып алып, істерін дөңгелетіп жатыр.



Бір орында тұрып қалмай үнемі алға жылжудың қамын қарастырып жүрген кәсіпкерлер  маусым айында Алматыдан салмағы 10 граммнан аспайтын 60 мың шабақ әкелген.


–   Бақтақ өсіру еліміздің оңтүстігінде өте жақсы дамыған.Біз ол жақта бірнеше шаруашылықта болып,тәжірибе алмастық. Әкелген 60 мың шабақтың 40 мыңы  жерсініп,аман қалды. Олардың әрбірі қазір 250 гр салмақ жинады,-дейді ЖШС құрылтайшысы Илья Медведев.

Балық шаруасына шындап кіріскен  шаруақор азаматтар жаздың басында Европадан  бақтақ уылдырығын да  әкелді. 150 мың уылдырық Өскеменде арнайы жарақталған бассейінде инкубацияланды.


– Инкубаторда уылдырықтар 3 ай болды, осылайша салмағы  1,5 граммдық  90 мың шабақ  шықты. Ары қарай олар  шаруашылықта өсіріліп, қазір міне әрқайсысы 10 гр салмақ тартады,-дейді Илья.

Кәсіпкерлердің көздеген межелері көп. Олардың ендігі мақсаты- инкубация цехын ашу. Сонымен қатар жергілікті бақтақ балықтарын өсіруге ден қою.


–  Тендер шарттарында көрсетілген талаптардың бірі, балық жіберу жұмыстарымен айналысу. Біз жыл сайын Өскемен су қоймасына сиг балықтарының 600 мың дернәсілін жіберіп тұруымыз керек. Биыл бұл шараға үлгермей қалдық. Ал келесі жылы міндеттелген жауапкершілікті еселеп атқарып,  1 миллион 200 мың рипус дернәсілін жібермекпіз. Бұл тұрғыда Ресейдегі ірі шаруашылықтардың бірі Тобольск балық питомнигімен өзара келісім де жасадық. Олар қыста уылдырықтарды инкубаторға салады, ал көктемде біз  өз өлкемізге алып келеміз,-дейді серіктестік құрылтайшысы.


Айта кету керек, шаруашылықта бүгінде 10 адам еңбек етеді. Алайда алдағы уақытта атқарылар шаруа көбейсе, жұмысшылар санын арттыру да жоспарланған. Бүгінгі күні Ермаковкалық шаруашылық облыс орталығындағы бірнеше сауда нүктелерінде  тауарлы бақтақ балықтарын тірідей  сатылымға шығарды.


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив