Қазақстан мен Ресейдің ХІV өңіраралық форумында екі ел басшылары кездесті
Қазақстан мен Ресейдің ХІV өңіраралық форумында екі ел басшылары кездесті.
Ресей Президенті Владимир Путин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты шекараның тұсындағы Челябіде қарсы алып тұрғанына қуанышты екенін жеткізді. Ол осы Форумдарды жыл сайын өткізіп тұру бастамасы Қазақстан Президентінікі болатынын айтып, оның тиімділігін уақыттың өзі көрсетіп отырғанын баса атады.
– Челябинск – менің жастық шағыммен байланысты шаһар, жігіт кезімде қалада бірнеше рет болғам. Мұндағы металлургиялық зауыт жылына 20 миллион тонна болат берген кезінде. Челябі трактор зауыты да – алпауыт кәсіпорын. Сол себепті осы қала маған ерекше ыстық, мұнда қуана-қуана келдім. 2001 жылы нақ осы қалада біз жыл сайын форум өткізуге келіскен болатынбыз. Біздің өңіраралық ынтымақтастық – экономикалық қарым-қатынастардың негізі. Екі ел арасында тауар айналымы биыл 31 пайызға ұлғайды . Осы басқосу кезінде министрліктер арасында 30 келісімге қол қойылады. Әрбір осындай кездесу үлкен мәселелерді шешуге, қарым-қатынасты нығайтуға септеседі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Екі мемлекет көшбасшылары Ресей мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына орай бірлексен үндеу жасады. Сонымен бірге, президенттердің қатысуымен бірқатар мемлекетаралық, үкіметаралық, өңірлік және коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Қазақстан мен Ресей шекарасы – әлемдегі ең ұзын құрлықтағы шекара. Екі мемлекет арасында кедендік одақ туралы келісім бар, нәтижесінде жыл сайын өзара тауар айналымы артып келеді. Ресейде шамамен бір милиондай қандасымыз тұрып жатыр, Қазақстанда 3 миллионға жуық орыс ұлтының өкілдері бар. Осы жайт екі ел арасындағы тығыз байланысқа негіз болуда. Қазақстан мен Ресейдің саяси қарым-қатынастары о бастан-ақ берік әрі сенімді.
Форумның пленарлық отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов баяндама жасайды деп күтілуде.