Шығысқазақстандықтар медициналық сақтандыру қорына бір миллиард теңгеден астам қаржы аударды
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына үш айда республика бойынша 13 миллиард теңгеден астам қаржы жиналса, оның 1 миллиард 1 миллион теңгесі Шығыс Қазақстан облысынан түскен.
- Біздің облыс Алматы, Астана қалалары және Қарағанды облысынан кейін төртінші орында, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов «Нұр Отан» партиясынның облыстық филиалында өткен жиында. - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тұрғындарға медициналық қызмет көрсету 2020 жылдың 1-қаңтарынан басталады. Мемлекет тұрғындардың әлеуметтік жеңілдігі бар категорияларына аударымды аударуды 2020 жылдың 1-қаңтарына шегерді.
Алайда жұмыс берушілер қорға төлемдерді аудара береді. 2018 жылдан бастап әлеуметтік салықты 1,5 пайызға кеміту туралы ұсыныс айтылды. 2017 жылдың 1-шілдесінен МӘМС қорының облыстық филиалы құрылған болатын. Егер министрлік біздің ұсыныстарымызды құптаса, 2018 жылдың 1-қаңтарынан осы қор тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің 2018-2019 жылдарға операторы болуы мүмкін.