KZ
Өскемен
+3°
туман жел 1 м/с, С
479.71 533.77 5.16

Үш есе жиі қуылса да, жеңіске жетті

16.10.2017, 12:04 125

4:1. Өз айдынында Ижевскінің «Ижсталін» қабылдаған өскемендік «Торпедо» қарсыласын дәл осындай есеппен тізе бүктірді. Б.Александров атындағы Спорт сарайында өткен бұл кездесуден кейін жерлестеріміз 16 ұпай жинап, турнирлік кестенің 17-ші сатысына көтерілді.


Жасыратыны жоқ, жанкүйерлер қауымы чемпионаттың алғашқы 11 ойынынан кейін Алексей Ждахиннің командасын көш басынан көруге үміттенген. Алайда «Торпедо» сол 11 кездесудің бесеуінде ғана жеңіске жетіп, әзірге 10-шы орыннан жоғары көтеріле алмай келеді. Енді жерлестерімізге сол статистиканы түзетудің тамаша мүмкіндігі туып отыр. Себебі, торпедолықтар өз айдынында қатарынан төрт ойын өткізбек.


Соның біріншісінде командамыз Ижевскіден келген қонақтарды ірі есеппен ұтты. Матчтағы алғашқы шайбаны ойынның екінші минутында айдын иелерінің америкалық легионері Тэннер Соренсон салды.

Бұдан кейін қарсылас команда Ленар Мансуровтың көмегімен таразы басын теңестіргенімен, ары қарай тек «Торпедо» ойыншыларының қанжығасы майланды. Майк Далхьюзен мен Станислав Тунхузин екінші кезеңде, сондай-ақ Тэннер Соренсон үшінші жиырмаминуттықта бір-бір мәрте көзге түсіп, командасына сенімді жеңіс әкелді.


Айта кетер жайт, бұл ойында торпедолықтар қарсыластарына қарағанда айдыннан үш есе жиі қуылды. Соған қарамастан, жеңісті қолдан бермеді.


Алда өскемендік ұжымды өз айдынында өткізетін тағы үш матч күтіп тұр. Бұл ойындарда ұпай жоғалтпаса, команда жарыс кестесіндегі жағдайын едәуір жақсартып алмақ. Бүгін жерлестеріміз альметьевскілік «Нефтяникті» қабылдайды. Ойынның басталуы кешкі сағат 17:00-де.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив