KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 1,8 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Бес күндік оқу қалай болар екен?

15.09.2017, 04:35 217

Биыл еліміздегі орта білім беретін оқу орындарына білім берудің жаңа жүйесі енгізілгені белгілі. Осыған орай ата-аналарды алаңдатып отырған сауалдар да аз емес. «Сабақ уақыты 45 минуттан 40 минутқа қысқартылғанда, мұғалім сыныптағы 25-30 оқушыдан үй тапсырмасын сұрап және жаңа тақырыпты игертіп үлгере ме?», «1, 2, 5, 7 сыныптардың бес күндік оқуға көшуіне байланысты каникулдар мерзімі қысқара ма?», «Жаңа оқу бағдарламасына сай оқулықтар жеткілікті ме?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.


Өңіріміздегі білім саласын дамыту мақсатында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Облыста жаңа оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына көшкен 1, 2, 5, 7 сынып оқушылары толығымен қажетті оқулықтармен қамтылды. Қазіргі таңда облыста мектептер 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етілді. Облыстың білім беру мекемелеріндегі компьютерлік парк 20633 бірлікті құрайы, ауыл мектептерінде 13229 бірлік компьютерлік техника бар, - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмаділова.


Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл оқу жылының ұзақтығы өзгермей, үйреншікті тәртіп сақталады. Оқу жылының ұзақтығы мектепалды дайындық сыныптарында – 32 оқу аптасы, 1-сыныптарда – 33 оқу аптасы, 2-11-сыныптарда 34 оқу аптасы деп белгіленген. Каникулдар ұзақтығы да өзгермейді. 1-11-сыныптарда күзгі каникул 31 қазан-6 қараша аралығында 7 күн, қысқы 30 желтоқсан-8 қаңтар аралығында 10 күн, көктемгі 21 наурыз-2 сәуір аралығында 13 күн болса, мектепалды даярлық сыныптарында күзгі каникул – 7, қысқы – 14, көктемгі – 15 күн. Бүлдіршіндер үшін 1-7 ақпан күндері аралығында 7 күндік қосымша каникул белгіленді. Ата-аналар қауымдастықтары мен сарапшылардың ұсыныстары бойынша үйге берілетін тапсырмалардың көлемі де едәуір азайды.

Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі жаһандануға қадам басқан ақпарат заманында қабілетті ұрпақ қалыптастыру үшін оқушыларға математика, сауатты жазу сияқты білім берумен қатар сыни, шығармашылық ойлауға, топ ішінде жұмыс істеп, өз ойын еркін жеткізуге үйрету керек. Балалардың ынтасын арттырып, көшбасшылық қасиетін дамыту міндеті осы жаңартылған орта білім жүйесіне енген. Енді мектептер апталық оқу жүктемесін өздері бекітетін болады. 1-11 сыныптардағы апталық оқу жүктемесі 22-39 сағат аралығында.


– Бес күндік оқу дұрыс деп есептеймін,-дейді №8 орта мектебінің директоры Раиса Ескендірова.- Екі күн демалған балалар дүйсенбіге дейін тынығып, сабаққа жаңа ой-идеямен кіріседі. Ал сенбі күні баланың шығармашылық әлеуетін дамытуға уақыт табылады.


Бес күндік оқуға алғашқылардың бірі болып көшкен білім ордасы-№30 жалпы білім беретін орта мектебі. –Жаңартылған білім мазмұнына сай биыл мектебіміздегі 1-4 сынып және 5,7 сынып оқушылары аптасына бес күн оқитын болды,-дейді мектеп директоры Дмитрий Журавлев.- Оқу кабинеттерінің жетіспеушілігінен және бір ғана спорт залы болғандықтан өзге сынып оқушылары бұрынғыша оқитын болады.


Бүгінде дүкен сөрелерінен бес күндік оқуға байланысты жаңадан шыққан бес күндік күнделік іздеп сабылған ата-ананың қарасы көбейді. Жағдайды пайдаланған пысықай алыпсатарлар әдеттегі бағасы 250-270 теңге тұратын бұрынғы күнделіктен сәл өзгешелеу жаңа күнделіктерді 600-800 теңгеден саудалауда. Алайда сала министрлігі тарапынан міндетті түрде бес күндік күнделікті ғана пайдалану керек деген нұсқау болмаған. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, биылғы оқу жылында 1-11 сынып оқушылары үшін алты күндік күнделіктер жарамды. Сондықтан бес күндік күнделіктерді сатып алу міндетті емес.


– Ватсап желісіндегі «Ата-аналар комитеті» тобына тамыз айының соңында «Бұрынғы күнделікті сатып алмаңыздар, білім саласындағы өзгерістерге байланысты күнделік те өзгереді» деген хабарландырудан соң жаңа үлгідегі күнделікті аяғымыздан таусылып жүріп, қаладағы бүкіл сауда орындарынан іздеп, әзер дегенде тауып, сатып алдық. Енді әбден оқу жылы басталып, барлық құрал-жабдықтарды сатып алған соң, бұрынғы күнделік те жарайды деп естіп жатырмыз, -дейді бастауыш сыныптарда балалары оқитын ата-аналар.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив