KZ
Өскемен
ясно жел 0,2 м/с, З
478.54 533.76 5.17

Абайдағы «Құнанбай қажы» мешіті күрделі жөндеуден өтті

14.09.2017, 11:06 141

Абай ауданының орталығы Қарауылда жалғыз мешіт бар. Атақты дала кемеңгері «Құнанбай қажы» атын иеленген сол мешітке қазіргі күні ауылдың бас көтерер азаматтары күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Осынау Алла үйінің бой көтергеніне де жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Содан бері жөнді жөндеу көрмеген мешіт ғимараты әбден тозып ақ кеткен болатын. Жаңбыр жауса төбесінен су сорғалап ағып, намазға жығылған қауымның берекесі кететін әбден. Әйтеуір биыл «Алла үйіне жөндеу жасалса екен» деген көптің тілегі қабыл болып, көктемнен бастап жөндеу жұмыстары қолға алыныпты. «Құнанбай қажы» мешітінің бас имамы Болат Самырбаевтың айтуынша, ең алдымен жылу жүйесі жөнделіп, ретке келтірілген көрінеді. Бұрын қыстың қақаған суығында тонналап, көмір жағады екен. Тіпті кейде мешітті жылыту үшін бір қыста 40 тоннаға дейін көмір жаққан кездер де болыпты. Енді, міне, жылу жүйесі еденге орнатылыпты. Бұл намазға жығылған қауым үшін де өте жайлы. Сонымен қатар, мешіт ішіне суық және ыстық су да тартылып, дәрет алатын, жуынатын орындар келушілерге ыңғайлы етіп қайта жасалған. Мешіттің күмбезі мен терезелері де жаңартылып, орнына заман талабына сай пластик терезелер орнатылыпты.


Тағы бір атап айтарлығы, мешітте діни сауатымды ашамын деушілерге де жақсы жағдай қарастырылған. Олар үшін арнайы құран оқитын бөлме ашылып, парталар да сатылып алыныпты.


Сауабы көп осынау іске кімдер бастамашы болғанын, қанша қаржы жұмсалғанын сұрағанымызда, «Құнанбай қажы» мешітінің бас имамы Болат Самырбаев осынау Алла үйін қалпына келтіруге үлес қосып жүрген азаматтар өздерін жарнамалағанды ұнатпайтынын, бұл істі өздерінің мұсылмандық парызы санайтындарын жеткізді. Білетіні, тек мешіттің шатыры мен күмбезін жаңартуға ғана 2 миллиондай теңге жұмсалған екен.


- Биылдан бастап мешітте ауызашарлар беріліп жатыр. Қиналып, көмек сұрап келген жандарды да құр қол қайтарып жатқанымыз жоқ, - дейді «Құнанбай қажы» мешітінің бас имамы Болат Самырбаев.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив