ШҚО-да жасалған термоядролық реактор, яғни токамак Елордада өтетін ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің негізгі нысандарының біріне айналмақ. Қондырғы 9 маусым күні іске қосылады деп күтілуде. Бұл туралы Өскемендегі аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Атом энергиясы институты филиалы материалтану зерттеулері бөлімінің басшысы Ерболат Қоянбаев мәлімдеді.
Айта кетейік, токамак термоядролық және ядролық реактор мен технологияларды сынақтан өткізуші алғашқы қондырғы болып табылады.
– Токамак – ішінде қыздырылған плазмасы бар магнитті катушкалар орнатылған тороидальді камера. Оның температурасы бірнеше миллион градусқа дейін жетеді. Плазманы ұстап тұру уақыты шамамен бес секундты құрамақ. 9 маусым күні Елбасымен болатын телекөпір барысында біз алғаш рет тәжірибе жасап, бірінші плазманы қондырғы арқылы өткізетін боламыз, – деді Ерболат Қоянбаев.
Оның айтуынша, аталмыш қондырғы 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басы аралығында толыққанды іске қосылмақ. Бүгінде «Қазақстандық термоядролық материалтану токомагының (ҚТМ) стендтік кешенін құру» Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың басты жобаларының бірі болып табылады.
Ерболат Қоянбаевтың айтуынша, токамактың жобасы ЕХРО көрмесінің талаптарына толықтай сай келеді. Болашақта экологиялық таза энергия көзіне айналатын қондырғы атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемін азайтып, ауаның ластануынан болатын табиғи апаттардың алдын алуға септігін тигізбек.
Нұржан Кенжеұлы