Қытайлық Тайбэйден келген «Тайвань Пауэр» командасы Өскемендегі Азия чемпионатын бесінші орында аяқтады.
Тайваньдық волейболшылар Иранның «Сармайе Банк» командасымен өткен бесінші орын үшін ойында 3:1 есебімен жеңіске жетті. Айта кетейік, бұл екі команда А тобының ойындары аясында да бір-біріне қарсы матч өткізген-ді. Бірінші ойындағыдай бұл жолы да сәттілік тайбэйліктерге жолдас болды. Төрт кезеңге созылған кездесудің партиялары 25:20, 18:25, 25:20, 25:12 есебімен аяқталды. Дәл осы есеп қарсыластар арасындағы бірінші ойында да тіркелген.
Жоғарыда айтылғандай, осы жеңісінің арқасында Яо Чен-Шан баптайтын команда Азия біріншілігінің үздік бестігін қорытындылады.
Бүгін кешке аяқталатын байрақты бәсекенің енді екі-ақ ойыны қалды. Дәл қазір Б.Александров атындағы Спорт сарайында өскемендік «Алтай» мен «Тяньцзинь Бохай Банк» (Қытай) командалары арасындағы қола жүлде үшін ойын өтуде. Ал кешкі сағат 17:00-де алаңға «Хисамицу Сеяку Спрингс (Жапония) пен «Суприм» (Тайланд) командаларының волейболшы қыздары шығып, чемпиондық атақ үшін талас жүргізбек.
Нұржан Кенжеұлы