KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,4 м/с, З
483.23 534.74 5.12

Тұғылдың балығы жәрмеңкеде жылдам сатылып кетті

8.03.2017, 18:00 212



Өскемендегі «Freshmarket» фермерлік гастрономының алдында өткен жәрмеңкеде Тарбағатай ауданының 17 ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Бұл күні қой мен сиыр еті – 1100, жылқы еті – 1500, көкөністер – 60, балықтың келісі – 300 теңгеден саудаланды. Жәрмеңкеде Тұғыл ауылының балық шаруашылықтарынан әкелінген өнімдер лезде сатылып кетті. Базардағыдан әлдеқайда төмен бағамен сатылған азық-түліктерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алды.

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Мауадиновтың айтуынша, жәрмеңкеге 12 тонна ет, екі тонна балық, сүт және нан-тоқаш өнімдері әкелініпті.
- Бүгінгі өнімдердің бағасы базармен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Меніңше, бұл шара ауылдағы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өнімін өткізуге мүмкіндік береді, - дейді Қайрат Мауадинов.
Сондай кәсіпкерлердің бірі Болат Қойбағаров мал шаруашылығымен отбасымен бірге айналысады. Ол бүгінде тамшылатып суару әдісімен картоп та өсіреді екен.

- Екпін ауылында заманауи ат спорты мектебін аштым. Бұл мектеп жастарды бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу сынды ұлттық спорт түрлеріне бау¬лиды. Мұнда таза және будандастырылған ағылшын, араб жылқылары мен Қостанай асыл тұқымды жылқысы өсірілуде, - дейді Болат Қойбағаров.

Бұл күні өнімді тауар өндірушілердің өзінен сатып алуды ұйғарған қалалықтардың қарасы көп болды. Қала тұрғыны, зейнеткер Әсия Ахметқалиева жәрмеңкенің енді апта сайын өтіп тұратындығына ризашылығын білдірді.

– Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің қайта жанданғанына қуаныштымын. Өйткені, мұндағы баға қолжетімді. Алдағы уақытта халыққа қажетті, күнделікті пайдаланатын өнімдердің бағасы күрт өсіп кетпесе екен, - деді ол.

Тарбағатайлық өнерпаздардың концерті де көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе, Айдар Аусарбаев, Есмұрат Қыдырмолдин, Алмагүл Ахмадиева, Айдын Хасенов, Аян Сәдуақасов, Кеңесбек Уанбаев сынды әншілерге ерекше құрмет көрсетілді.


Ажар Сағатбекова




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив