KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 5 м/с, В
480.55 533.75 5.36

Ертістегі су деңгейінің көтерілуіне кім кінәлі?

23.06.2016, 18:00 212




Қытай елінің аумағында болып жатқан жауын-шашын мен таудағы қарлардың жылдам еруінен Қара Ертіс өзенінің суы нормативтік болжанған деңгейден төрт есе асып кетті. Осының салдарынан Бұқтырма су қоймасындағы судың мөлшері күрт көбейіп, үлкен қауіп туғызған.

Облыс әкімдігіне жақын ақпарат көздерінің хабарлауынша, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен Ертіс СЭС каскадында судың жіберілуін реттейтін арнайы кесте жасалған. Ол кесте Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы мен аталған суэлектр станциясы өкілдерінің келісімімен жасалған.

Алайда мұндағы жағдайды көзімен көріп, білмей тұра Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы Ислам Әбішев облыс әкімдігімен ешбір келіспестен кестеге өзгертулер енгізіпті. Соған сәйкес 23-маусымнан бастап Шүлбі СЭС арқылы өтетін судың мөлшері секундына 3 мың текше метрден 2500 текше метрге дейін кемітілген. Бұл өз кезегінде Ертіс өзенінің Шүлбі станциясынан жоғарғы бөлігіндегі су деңгейінің күрт көтерілуіне әкеліп соқтырды. Соның салдарынан Өскемен қаласының Аблакетка ықшамауданындағы нысандарға, Пионер, Комсомол аралдарына, Ертіс-2 саяжай аумағындағы 57 тұрғын үйге топан су жайылды. Тіпті арнасынан асқан су Пермитин көшесінің көлік жолына дейін жайылып кетті. Төтенше жағдайға байланысты жетпіске жуық адам қауіпсіз орынға жеткізіліп, тиісті жұмыстар шұғыл түрде жүргізілді.

Осы жағдайға орай облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ өзі үкіметке шығып, СЭС арқылы суды жіберу кестесін реттеді. Соның арқасында қазір Ертістің деңгейі біртіндеп төмен түсе бастады.


Шығыс-Ақпарат




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив