Катонқарағайда жол жөндеу жұмыстары бәсеңдемейді
Биыл Катонқарағай ауданында жоспарланған 38 км жолдың 18 шақырымы жөнделді. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаевтың аталмыш аудан тұрғындарымен кездесуі барысында белгілі болды.
Айта кетейік, биыл Шығыс Қазақстанда жолдарды қаржыландыру 2 есеге артқан.
-Ағымдағы жылы Катонқарағай ауданында жоспарланған 38,4 км жолдың 18 шақырымы жөнделді. Оның ішінде облыстық маңызы бар - 15 км және аудандық - 15 км жол мен 8,4 км көше бар, - деді аудан халқымен кездесуге қатысқан облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Оның айтуынша, орташа жөндеумен Жаңа Үлгі - Жамбыл - Берел (0-12 км), Согорное - Барлық - Ақсу (28-41 км) және Үріл - Жамбыл (0-1, 42 км) бағыттарындағы жолдар қамтылған. Сол сияқты, Белқарағай ауылының кіреберіс жолы мен Шыңғыстай, Аққайнар, Жамбыл, Аршаты, Еңбек ауылдарының көшелері жөндеу көрген.
Еске салайық, Мемлекет басшысы өз Жолдауында келесі жылдан бастап еліміз бойынша кемінде 10 мың шақырым жолды жөндеуді тапсырған болатын. Бұл жобадан Шығыс Қазақстан облысы мен Катонқарағай ауданы де назардан тыс қалмайтыны анық.