KZ
Өскемен
+4°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Шығыс Қазақстанда қарғын суға қарсы халықтық тәсіл қолданылып жатыр

26.03.2013, 18:00 200


Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Көкпекті ауданының қар суынан қауіп келер бірнеше елді мекендеріндегі көктемгі тасқынға қарсы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, аудан орталығында осы мәселеге қатысты қорытынды жиын өткізді , деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

«Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген мақал бүгінде көкпектіліктер үшін күмәнділеу көрініп отырған жайы бар. Өйткені, ауа райын болжаушылардың айтуынша, айдың бесі мен оны аралығында тау сілемдерінің қары еріп, етекке түсетінін ескерткен. Ал бұл өңірге биыл түскен қардың мөлшері жылдық мөлшерден 2-3 есе артық екенін ескерсек, жайыла аққан өзендердің жағасына жақын орналасқан 30-ға жуық елді мекенге су жайылу қаупі бар. Сол қауіпті сейілту нәтижелерін көзбен көру үшін аймақ басшысы әуелі ат басын Самар ауылына бұрды. Тірек елді мекендерді түлету бағдарламасы аясында жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген балалар шығармашылық үйі мен тарихи-өлкетану мұражайының ашылуы да аймақ басшысының жұмыс сапарына дөп келіпті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ел игілігіне ұсынылып отырған нысандардың ашылуында жиналған халықты айтулы шарамен құттықтап, жұмыс сапарының мақсатын түсіндірді.
– Соңғы кезде ауылдарыңызда қанша әлеуметтік нысандардың ел игілігіне беріліп жатқанын көріп отырсыздар. Біз жас ұрпақтың мәдени үйірмелерге қатысып, спортпен айналысуына барлық жағдай жасауымыз керек. Балалардың шығармашылық үйі бүлдіршіндердің түрлі қабілеттерін дамытатын болады. Ал жазда ашылатын спорт кешені осындағы жас жеткіншектердің денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын ұстануына жол ашады. Осы игілікті іске атсалысып жатқан адамдарға рақмет, – деді ол.

Бұдан кейін Береговая, Строительная, Мир көшелеріне қауіп төндіріп тұрған Лайлы өзенінің арнасын тереңдетіп, жағасын бекемдеу жұмыстары таныстырылды. Өзеннің арнасынан асуына жол бермеу үшін шамамен 6 мың текше метр бөгет төселмек. Бұл жұмыстардың барлығын апта аяғына дейін тындыру жоспарланған. Осы өзенмен аттас су қоймасының жағдайы да назардан тыс қалмады. Салынғанына ғасырдан астам уақыт өткен, соңғы рет 63 млн. теңгенің жөндеуін көрген қоймаға 700 мың текше метрге жуық су сыятын көрінеді. Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин мұнда жиналған су көлемі 250 мың текше метрге жеткенін ескерте келіп, таудың қары еріген күннің өзінде шетін оқиға бола қоймайтынын айтты. Жауын-шашын көбейіп, су көлемі кенет арта қалса, қоймадағы суды өзенге секундына 16,5 текше метр жылдамдықпен ағызуға мүмкіндік бар. Самар ауылына қарасты Ешкібай су қоймасында да айтарлықтай қауіп жоқ. Бес миллион текше метрге дейін су қабылдай алатын бөгенге қазіргі күні бір миллион текше метр су құйылған. Лайлы өзенінің бойында Төтенше жағдайлар министрлігінің пәрменімен Қызылорда облысынан келген арнайы құтқару жасағы жолығып, апатты жағдайдың болғанын күтіп отырмай, алдын алу жұмыстарына көмектесіп жатқандарын баяндады. Бір «КамАЗ», 4 «УАЗ» көлігімен екі жарым мың шақырым жолды артқа тастап келген құтқарушылардың белсенділіктеріне жергілікті ауыл тұрғындары да разы.

Ал Белое ауылдық округіне қарасты Алтыбай су қоймасы үш жыл бұрын жырылып, су тоқтамай қалған. Осының салдарынан Қараөткел ауылының тұсындағы тас жолға қатер төніп тұр. 2010 жылғы тасқын кезінде жайылған суды тарату үшін тас жолды қазып, әуреге түскен жергілікті билік осы мәселені біржола шешуге құлшынып отыр. Ол үшін су ағар құбыр төсеу керек. Осыған дейінгі күрт жылынулар кезінде 80 үйге қауіп төнгенімен, апаттық жағдай тіркелмеген. Су ағар құбырлардың барлығы тазаланып, құм толы мөшектер дайындалған. Су басу қаупі басым деп болжанған Қойтас ауылындағы жағдай оңала бастаған. Бес млн. текше метрге шақталған Бектемір су қоймасына көп дегенде 2 млн. текше метрден астам су жиналады деп күтілуде.

Аухадиев атындағы ауылдық округтегі ахуал Талменка өзеніне тікелей байланысты. Тұрақты арнасы жоқ өзеннің әсіресе, Преображенка ауылына жайылу ықтималдығы жоғары. Ленин көшесінің тұрғындары аймақ басшысына «өзегіміз талмас» деп өзен жағалағандағы үміттерін жыл аралатып су шаятынын айтып шағымданды. «Қар қылтадан аса жауса болды, көктемде тасқын күтеміз. Жайылған судың зардабын жыл бойы көреміз. Үй маңына жеміс егіп, көкөніс отырғызбайтын болдық. Осы мәселе түбегейлі шешілсе» деген тілектерін де жеткізді тұрғындар. Арнасын жоғалтқан өзен ұдайы бағытын өзгертіп, көктем сайын елді састырумен келе жатқанын аудан әкімі де мойындады. Тұрғындардың айтуынша, 1997 жылғы тасқын кезінде өзен осы тұстағы арнасынан ауып, ескі жолға ағаш қаулап, ұсақ аралдар көбейген. Судың ауылға жайылуына осы жағдай әсер етіп отырған көрінеді. Содан бері суды бұрынғы жолына салып, өскен ағашты отап, арнаны тереңдетіп, жағасын биіктету мәселесі енді ғана көтеріліп отыр. Аймақ басшысы тек суға жол ашумен шектелмей, су ағар құбырларды жаңалап, бітелгенін аршу керектігін ескертті.

– Ауылдарыңызға тірек елді мекен ретінде бір жылда 67 млн. теңге бөлінген. Соның арқасында балабақша, ауылдық дәрігерлік амбулатория салынады. Су арнасы да біртіндеп қалпына келтіріледі. Ауылдарыңыздың жағдайын жақсарта түсу үшін қаражат та, көңіл де бөлінуде. Тұрғындар да бұған атсалысуы қажет, – деді облыс әкімі.

Арнаны тереңдетпесе, Воздвиженкамен жалғайтын жолды су шаю қаупі туындаған. Сондықтан, бұл жердегі жұмыс қызу. Жұмысқа жұмылдырылған техникамен арнаны тереңдетіп жатса, тұрғындар жағаны бекемдеу үшін талдан себет тоқып, ішіне құм толтыруда. Бұл қарапайым әдіс құм салған мөшектерден де сенімді көрінеді. Талменка өзенінен қауіп төніп тұрған тағы бір елді мекен – Черноярка. Мұнда 211 адам шұғыл құтқару дайындығынан өткен. Сондай-ақ, аудан әкімі чернояркалықтарға қалыптасқан жағдай ашық түрде түсіндіріліп, ескерту жұмыстары жүргізілгенін айтады.

Бұл қарапайым халықтық әдісті Үлкен Бөкен ауылының тұрғындары да пайдалануда. Күн күрт жылына қалса, аттас өзен ауылдың батыс бөлігін басып қалуы ықтимал. Сол үшін мұнда да арнаны тереңдету, жағаны бекемдеу жұмыстары жүргізілуде. Үлкен Бөкен – Көкпекті тас жолына төселген құбырлар аршылып, Жансары ауылының жанындағы Қаратоғай каналы қалпына келтірілуде. Мұндағы жұмыстың барлығы ауыл тұрғындарының қолымен атқарылса, жұмылдырылған техника шаруа қожалықтарынан алынған. Бюджеттен қаржы сұрамай-ақ, меморандум шеңберінде сақтық шараларын жолға қойған ауылдың берекесі басқаларға да үлгі боларлық.


Артық ылғалды ауыл шаруашылығына пайдалану қажет


Қар суының қаупі аудан орталығында да жоқ емес. Көкпектіні жанай ағып, Омбы-Майқапшағай жолын кесіп өтетін Қосағаш өзені Константинов көшесіне жайылмас үшін арнасы қазылып, жағасы биіктетіліпті. Көкпекті өзенінің арнасын тазалау жұмысына да техника мен жұмыс қолы жұмылдырылған. Ал ауыл ішіндегі кішігірім су жайылған жерлерге Қарағанды облысынан келген 30 құтқарушы көмектесуде.
Аймақ басшысы жұмыс сапарын аудан активінің жиынында қорытындылады. Жиында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарла-масының іске асырылуы мен алғашқы екі айдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жағдайы, тасқынға қарсы шаралар жөнінде ақпарат ұсынылды. Ауданда бағдарлама бойынша берілетін шағын несие көлемін өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есе көбейтуге мүмкіндік бар. Еңбекке жарамды мүгедектерді әлеуметтік жұмыс орындарына тарту жолға қойыла бастаған. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 34 бағдарлама бекітілген. Солардың арасында құс өсіру, омарта шаруашылығы, пима жасау, қымыз бен шұбат өндірісі, ритуалдық қызмет көрсетуге қатысты ерекше жобалар бар. Мамандарды қайта даярлау бағыты бойынша омарташылыққа 20 адам оқытылып, балалар үйінің түлектерін баспанамен, жұмыспен қамту биылғы жылдың жоспарына енген.

Облыс басшысы ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға арналған жобаларға баса көңіл бөліп, қайта даярлаудан өткен мамандардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.

Аудан әкімінің айтуынша, қыстың ауырлығына қарамастан өткен екі айдағы жалпы ішкі өнімнің өсуі байқалған. Табиғаттың қытымыр мінезіне қарамастан мал шығыны тіркелмеген. Қалың қар құсауында қала отырып, көкпектіліктер қыстан өз бюджеттерінің есебінен аман-есен шығып отыр. Алдағы уақытта қосымша салық кірістерін іздеп, инвестиция тартуға көңіл бөлінбек. Аудан әкімінің игерілмей жатқан мүмкіндіктерді іске қосу арқылы жеке кірісті ұлғайту жөніндегі ойын Бердібек Сапарбаев та құптады.

Сондай-ақ, аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин тасқынға қарсы алдын алу шаралардың ойдағыдай жүзеге асып жатқанын, жүзден астам техника жұмылдырылғанын, қосымша қорда 13 тонна бензин, 34 тонна дизель отыны сақтаулы тұрғанын атап көрсетті.

Жиынды түйіндеген аймақ басшысы ең негізгі міндет ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін былтырғы деңгейден түсірмеу екенін ескертіп, тірек елді мекендерді түлетуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру кезінде олқылықтарға жол бермеуді тапсырды.

– Арқаны кеңге салуға болмайды. Ауа райы болжамы қуантарлықтай болғанымен, сақ болуымыз қажет. Таудағы қардың қалыңдығы екі метрден түсе қоймаған. Сондықтан барлық қызмет түрлері жұмыла әрекет етуі қажет. Облыс бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінен 155 адам көмек көрсетуде. Қауіпті елді мекендер мен су қоймаларында күндіз-түні кезекшілік жұмыс істеуін қадағалау қажет. Байланыс қызметі мүлтіксіз жұмыс істеп, техника сай болған жағдайда ғана тасқынға дайынбыз деуге болады. Облысқа бөлінген 543 млн. теңге аса қауіпті елді мекендерге таратылады. Сондықтан жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшылары тасқынның алдын алуға көмектесуі қажет. Ең бастысы, бар жағдайды халықтан жасырмай,
ашық айтып, ескерту қажет. Олар да өздерінше сақтық шараларын қабылдап, кез келген жағдайға дайын болуы қажет. Бұл тұстағы басты мақсат – қыстан аман-есен шығу. Одан кейінгі назарда ұстайтын мәселе – осы қар суын тиімді пайдалану. Жердің ылғалды болатынын пайдаланып, мейлінше көп егуіміз қажет. Ыңғайлы жердің бәрі игерілуі тиіс. Жоқ дегенде, жоңышқа ексек те, артық ылғалды пайдаға асыру керек, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Есімжан Нақтыбай

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив