KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, Ю
443.37 474.49 4.83

Еуро - 2016. Мамандар Ресей футболының әлі еуропалық деңгейде еместігін айтты

21.06.2016, 18:00 114




«Қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едім?!» деп байғұс бөденені бас салған түлкідей жеңілгенде өстіп жеңілуге бола ма екен? Алаңдағы он бір ойыншыны қайдам, күні бұрын шаппай бәйге сұрап дүрліккен орыс жанкүйерлері өз құрамасының масқара жеңілісінен кейін кірерге тесік таппай қалды. Ал Уэльс жігіттеріне бұл бір плей-офф алдындағы жеңіл-желпі жаттығу болды.

Рас, масқара матчты тамашалаған шетелдік мамандар Ресей футболының әлі де еуропалық деңгейге көтеріле қоймағанын айтты. Келіспеске амал қайсы. Қақпашы Игорь Акинфеевтің «сериялы сейвтері» болмағанда, қарсыласына шеберлік сыныбын өткізген Гарет Бэйл мен оның командасы 0:3 емес, одан да ірі есеппен ұтар ма еді кім білсін? Айтпақшы, Ресей қақпасына осы чемпионаттағы өзінің үшінші голын соққан Г.Бэйл мергендер көшін бастады.

Өз құрамасының күйрей жеңілгенін көрген Ресейдің бұрынғы қақпашысы Руслан Нигматуллин: «Біздің топта бәрі де деңгейлес командалар сияқты еді басында. Алайда, үш ойыннан кейін басқа үш құрама жарысты жалғастырады да, біз үйге қайттық. Біздің футболдың шынайы келбеті осы. Бұл Ресей құрамасының «Ладаға» мініп алып, «Ламборджиниді» қуып жетуге тырысуы сияқты», – деп қынжылыпты. Қайтсін, іш қазандай қайнаған соң айтқаны ғой.

Сөзінің жаны бар. Орыстар бұл кездесуде ойнаған жоқ. Тоқсан минут бойы британдық былғары доп шеберлерінің ғаламат ойынын қызықтаумен жүрді. Бас бапкер Леонид Слуцкий тактиканы өзгертіп, шабуылға күш салуға қарекет қылғанмен, ештеңе шықпады. Ресей құрамасының ұйымдастырған шабуылдары алаң ортасынан аспай «шалдығып» қала берді. Есесіне, уэльстік аяқдопшылар не керек, еркін көсілді. Оң қапталда ойқастап, сол қапталдан соққы жасап, Акинфеевті әбден шаршатты. Нәтижесінде жауапсыз үш гол салды.

Бұл күн Еуропа чемпионатының тарихында орыс футболы ойсыраған күн ретінде тіркелетіні анық. Ал Уэльс құрамасы алты ұпаймен өз тобында бірінші сатыға шықса, словактармен тең ойнаған ағылшындар бес ұпаймен екінші орынды қанағат тұтты. Төрт ұпайы бар Словакия да плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Бүгін «С» тобында қай команданың плей-оффқа бірінші орыннан шығатыны анықталады. Әзірге немістер мен поляктарда төрт, Солтүстік ирландияда үш ұпай. Жеңген, жеңілгеніне қарамастан украиндар еліне қайтады чемодандарын жинап.

Біздің болжам

Маусымның 22-сі күні «Е» тобындағы Италия-Ирландия, Швеция-Бельгия құрамалары үш ұпай үшін тер төгеді. Әзірге жеңілмей келе жатқан «сукадра адзурра» ат тоқымындай ғана аралдан келген қарсыласына есесін жібермеуі керек. Оған шамасы жетеді. Тек алдағы ойындарды ойлап, босқа жарақат алып қалмау үшін матчты тең есеппен түйіндемесе жарады. Біздің болжам – 1:0.
Екінші жұпта Бельгияның фаворит екені белгілі. Жеңу керек. Жеңілсе, жарыстан шығады. Сондықтан соңғы мүмкіндікті мүлт жібермеуге барын салады Марк Вильмотс шәкірттері. Шведтер де жеңісті ұстата салғалы тұрған жоқ. Біздің болжам 2:1. Бельгия жеңеді.
«F» тобының квартеті де осы күні ойнайды. Исландия мен Австрия шеберлік байқасса, Венгрия құрамасы Португалияға қарсы төтеп беруге тырысады. Бұл топтағы ойындардың нәтижелері қалай аяқталса да, Венгрия плей-оффтың көрігін қыздыратыны анық. Ал оның қарсыласы португалдарға соңғы сөзін айтатын сәт жетті. Біздің болжам – 0:3. Португалияның пайдасына.
Австриялық аяқдопшыларға абыройды сақтап қалатын жалғыз жол қалды, ол – жеңіс. Алайда, Алаба бастаған жігіттер мұз елінің командасынан айласын асыра ала ма? Мәселе сонда... Біздің болжам – 0:1. Австрия - келесі кезеңде.

Қызық дерек

Еуро-2016 турнирінің финалдық кезеңіне қатысушы командалар ішінде ең мықты құрама ретінде Бельгия саналған. Өйткені, аталған ұжым ФИФА рейтингісінде бірінші орында тұр.
Австрия құрамасы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінен биыл тұңғыш рет сүрінбей өтті және екінші мәрте осы турнирдің финалдық кезеңінде өнер көрсетуде. 2008 жылы бұл елдің командасы Еуропа чемпионатына швейцариялықтармен бірге жарыс қожайындары ретінде іріктеуден өтпей қатысқан.

Cерік Әбілхан




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив