KZ
Өскемен
+21°
ясно жел 3 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Шығыс Қазақстан мен Қытай инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асырады

1.03.2016, 18:00 170



Кеше Шығыс Қазақстан облысына Қытай Халық Республикасының Шыңжан-Ұйғыр автономиялық районының іскерлік делегациясы екі күндік сапармен келді. ШҰАР халықтық үкіметі төрағасының орынбасары Ши Даган бастаған топты ШҚО әкімі Даниал Ахметов қабылдап, екіжақты серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жиыны 20-ға жуық адамды құрайтын делегация құрамында үкімет өкілдерімен қатар, қытайлық ірі компания басшылары да бар. ШҚО әкімі Даниал Ахметов Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыс соңғы жылдары стратегиялық сипат алып келе жатқанын атады.

- Екі елдің арасындағы байланыстың жоғары деңгейге шыққанын соңғы екі-үш жылдың көлемінде ғана екі мемлекет басшыларының 10 рет кездескенінен аңғаруға болады. Мемлекет басшыларының соңғы кездесуінде өзара стратегиялық серіктестікті дамыту жөнінде декларацияға қол қойылғанын білесіздер. Екі елде де ғаламдық дағдарысқа қарсы бағдарлама жүзеге асуда. Осының бәрін ескеретін болсақ, ШҰАР мен Шығыс Қазақстан серіктестігінің келешегі зор деп айтуға негіз бар, - деді облыс басшысы.

ШҰАР үкіметінің өкілі Ши Даган біздің облысқа жасақталған делегация толық құрамда келе алмағанын ескертіп, мұндағы сапарларынан не күтетіндерін баяндады.

- Шығыс Қазақстан облысына біздің тараптан 60-тан астам іскер адам келуге ниет білдірген. Виза алып үлгермеуіне байланысты солардың белгілі бір бөлігі ғана келіп отыр. Дегенмен, біздің бұл сапарымыз екіжақты серіктестің алға басуына үлкен серпін берері сөзсіз. Шығыс Қазақстанға келудегі бірінші мақсатымыз туристік байланыстарды нығайту болып отыр. Бұл тұрғыда Қытайдан облыстарыңызға келуші туристерді 3-5 күнге визасыз өткізу тәртібін орнатса деген ұсынысымыз бар. Өйткені, санаулы күнге бола виза ресімдеуге уақыт жоғалту біздің туристер үшін тиімсіз. Сапарымыздың екінші мақсаты инвестициялық серіктестік аясын кеңейте түсуді көздейді. Біздің жергілікті инвесторлар әсіресе, ағаш өңдеу саласына инвестиция құюға қызығушылық танытып отыр,- деді Ши Даган.

Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысы әкімі өткен жылғы өзінің ШҰАР-ға жасаған сапарынан бергі қысқа уақыттың ішінде екіжақты серіктестікті дамыту бағытында ауқымды шаралар атқарылғанына ризашылығын білдірді. Ал ШҚО аумағына визасыз турлар ұйымдастыру ұсынысы Қазақстан Үкіметі деңгейінде көтерілгенін, оң шешім қабылдауға негіз бар екенін жеткізді. Ағаш өңдеу саласындағы облыстың әлеуетіне тоқталған облыс басшысы жылына 1,1 млн. текше метр ағаш өңдеуге болатынын айтып, оны Қытайға жеткізуге заңнамалық тұрғыда еш кедергі жоқ екенін мәлім етті.

- Біз сіздерге екіжақты серіктестікті дамытудың жол картасын ұсынып отырмыз. Осы картаны мұқият зерделеп, өз пікірлеріңізді айтуларыңыз маңызды. Кейін сол картада көрсетілген ұсыныстар бойынша жұмыс топтарын құрып, жүзеге асыру жолдарын қарастыруымыз керек, - деген аймақ басшысы біздегі Ұлан, Үржар, Аягөз аудандарында қытайлық компаниялардың қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан инвестициялық жобаларға тоқталды.

Аймақтар арасындағы серіктестік бұдан былайғы уақытта әлеуметтік салаларды да қамтымақ. Білім беру саласында оқушылардың жазғы демалыстарын бірлесіп ұйымдастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, ЖОО студенттерінің екі елде білім алу мүмкіндіктері қарастырылған. Әуелі 30 шығысқазақстандық студент ШҰАР-да, 30 қытайлық студент біздің облыста білім алатын болады. Медицина саласында ШҰАР тарапына біздегі ядролық медицина орталығына білікті мамандарын жіберу ұсынылып отыр. Ал спорт саласында екі жақтың спортшылары бірлескен жаттығулар өткізетін болады. Сөзінің соңында облыс басшысы Шығыс Қазақстан мен ШҰАР стратегиялық серіктестік орнату ісінде екі елдің өзге аймақтарына үлгі болуы керек деген ой айтты.

Ши Даган мырза әлеуметтік саладағы байланыстарды дамыту тетіктерін талқылауға жылдың екінші жартысына дейін арнайы делегация келетінін жеткізді. Ал ағаш өңдеу саласына инвестиция құю бағытында арнайы жұмыс тобы құрылып, мамыр айында өңірімізге іссапармен келу тиіс. Кездесу соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен қытайлық «ТБЕА» компаниясының басқарма төрағасы Чжан Син энергетика саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойды. Меморандум Семей қаласында №3 жылу электр орталығын салу, Зырян ауданында екі бірдей СЭС орнату, облыс орталығының Ахмер ауылында қосалқы станция құрылысын жүргізу сынды жобаларды қамтиды.

Кездесуден кейін ШҰАР делегациясы «ҮМЗ», «Қазцинк» кәсіпорындарында болып, тантал ұнтақтарын алу және мыс өңдеу өндірістерімен танысты.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив