KZ
Өскемен
+18°
переменная облачность жел 2 м/с, СШ
476.27 515.47 5.41

Иегімен сурет салатын мүгедек жанның жеке көрмесі ашылды

27.01.2015, 18:00 196



Қырық жастағы өскемендік суретші Сергей Елисеев Шығыс Қазақстан өнер мұражайында «Мен тіршілікті сүйемін!» деген атпен өткен өзінің алғашқы жеке көрмесіне өзі қатыса алмады,тек он-лайн режимінде үйінен барлығын көріп отырды. Өйткені ол - өзге суретшілердей емес, үйінен бір қадам ұзап шығуы мұң, бірінші топтағы мүгедек жан. Ол жансызданып қалған қолдарының көмегінсіз, қылқаламды иегінде ұстап тұратын арнайы қондырғының көмегімен табиғаттың көз жауын алар тамаша көріністерін кәсіби суретшілерден кем салмайды. Міне, жиырма жылдан бері осылай...

Қылқалам шебері өзінің нақты мүмкіндіктеріне неғұрлым сай келетін майлы бояумен салынатын кескіндемені жақсы көреді. Оның негізгі жанры - пейзаж. Тау шыңдарына, сайын дала мен өзен суларына деген оның нәзік сезімді сүйіспеншілігі ересен. Ол қоршаған ортаның әдемілігі мен үйлесімділігін қапысыз сезе де, көре де біледі. Пленер суретші үшін қол жеткізгісіз болғанымен, Сергей Елисеевтің бүкіл шығармашылық ғұмыры - өзінің ауыр сырқатымен күресудің тарихы, шығармашылық ерліктің мысалы, қатал тағдырға қарсы тұрып, кейбір кездері он екі мүшесі сау адамдардың бойынан табыла бермейтін бақыт пен гармонияға тең келерліктей әдемілікті сезінуге жетелейтін қажырлылықтың тамаша үлгісі болып табылады.

Иегімен сурет салатын мүгедек жанның жеке көрмесі ашылды

Көрмеге 47 жұмыс қойылған. Суретшінің шығармашылық ғұмырында оның суреттер топтамасы бірнеше рет көрерменге көрсетілген. Жас суретшінің шығармашылықпен айналыса бастаған кездегі ең алғашқы жұмыстарының көрсетілімі 2001 жылы осы өнер мұражайында өткізілген еді. Бүгінгі экспозицияда оның 2001 - 2014 жылдар аралығында салынған, яғни Сергей Елисеевтің бүкіл шығармашылық жолын көрсететін жұмыстары қойылған. Тәжірибелі адам суретші шеберлігінің қалай өскендігін, оның кәсіби дағдыларды қалай игергендігін бірден байқайды. Осыншама жылдар аралығында өзгермеген нәрсе - суретшінің тіршілікті жақсы жағынан қабылдай білуі: қанық та ашық бояулар, романтизм ұшқыны бар лирикалық сюжеттер, фәнилік тіршілікке деген сүйіспеншілігінің өзі кенеп беттерінде нақты өмірдегідей шынайы көрініс тапқан.

Сергейдің дарынын бала кезінен байқап, оның суретші ретінде қалыптасуына кәсіби журналист, әуесқой суретші Тамара Ступакова елеулі ықпал еткен екен. Одан соң жалғыз ұлдары, өмірлерінің мәні болып отырған Сергейге ата-аналары Валерий Владимирович пен Маргарита Васильевна барлық қажетті жағдайларды жасап отырған.

Иегімен сурет салатын мүгедек жанның жеке көрмесі ашылды

Көрмеге жиналған қауымға өнер мұражайының қызметкерлері Зоя Ивановна Смирнова мен Марат Ибраимов әзірлеген фильм-сұхбат көрсетілді. Онда Сергеймен оның шығармашылығы туралы, өмір жайлы толғаныстары әңгімеленіп, бейнеленген. Одан соң суретшіге тағдырдың өзі кездестірген меценат-кәсіпкерлер Вячеслав Скрынников пен Александр Непомнящий сахнаға көтеріліп, Сергейге әлі де көмек қолдарын аямайтындықтарын жеткізді, ендігі жерде суретші жұмыстарының каталогын шығаруды қолға алмақ ниеттерін білдірді. Сергейдің әкесі ұлының осы жеке көрмесін ұйымдастыруға атсалысқандардың барлығына шын жүректен алғысын айтты. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, танымал қылқалам шебері Николай Аштема өзінің жас әріптесінің тамаша туындылары туралы тебірене әңгімелеп, оның жұмыстарының Суретшілер одағына өтуге әбден тұрарлық екендігіне тоқталды. Сөйлеушілердің барлығы дерлік көрменің ашылу салтанатын бейне байланыс арқылы тамашалап отырған суретшінің өзіне жылы лебіздерін білдіріп жатты.

Тағдырдың ауыртпалығына мойымай, өміріне өнерін серік еткен суретші жігіттің көрмесі көрермендердің кереметтей ықыласына бөленді. Өнер мұражайындағы көрмені өнер сүйер қауым алдағы мамыр айына дейін тамашалауларына болады.

Айтмұхамбет Қасымов, журналист,
өнер мұражайының маманы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив