KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 1 м/с, С
474.26 514.48 5.43

Күннің сансыз шуағы

15.09.2013, 18:00 157


Шығыс Қазақстан өнер мұражайында суретші В.И.Ляпуновтың жеке көрмесі өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Владимир Иванович Ляпунов – кәсіби суретші, Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Кәсіби суретші-көркемдеуші болғандықтан ол түс пен пластикадан көп тәжірибе жасады, авангардтық кескіндемемен айналысты, графикамен, майлы бояу техникасы бойынша көп еңбектенді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап біздің өлкедегі ескі діндегі шаруалар қоныстанған селоларда орал-сібір әшекейінің «алтайлық» деген атқа ие болған бір тармағы кеңінен тарады. Шеберлер – «бояушылар» үйдің тұрмыстық заттары мен үйді – терезе қақпақтарын, есіктерді, терезе жақтауларын, қабырғалары мен төбелерін әшекейлейтін. Әшекейдің бояуы өте қанық, таңғы шықтай мөлдіреп тұратын. Гүлдердің жапырақтарын көлемді етіп салатын. Әр әшекейдің ішіне міндетті түрде аспан шырағы мен әлемдік ағаш туралы көне мифологиялық түсінікті білдіретін шеңберлі көп желекті гүлдер мен қыш құмырада жайқала өсіп тұрған гүлдер салынатын.

Владимир Иванович алтай әшекейлерін бағзы заманнан бүгінгі күнге оралтып, оны дамытып, жетілдіре түсудің жолдарын тапты. Әшекейлеудің өзіндік тәсілін жасап, дәстүрдің негізгі қағидаларын сақтап отырды: композицияда үнемі дерлік көп желекті күн-гүл кездесіп отырады. Бұл күн белгісі өзінің айналасына бүкіл ғаламды топтастырады-мыс дегенді меңзейді. Суретші кезкелген үлгідегі беттерде асқан шеберлікпен жұмыс істей алады. Ол аумағы тиындай ғана алқаларды, жиһаздарды, тіпті үй қабырғаларын да әшекейлей береді. Мәселен, сол жағалаудағы этноауылдағы орыс шаруасының үйін әшекейлеген – В.И.Ляпунов.

Өзінің әшекейлеу мәнерін тауып алғанымен Владимир Иванович үнемі ізденіс үстінде. Ол алтай әшекейлерінің техникалық тәсілдерін қолдана отырып, қазақтың ою-өрнегіне өзгерістер енгізуді қолға алды. Міне, осылайша, көрмеге қойылған қымыздың дәстүрлі ыдыстар жиынтығы, ұлттық киімдер киген кәдесый мүсіншелер пайда болды.

Экспозицияда алтай әшекейлерінен басқа – кескіндемелік майлы бояудың классикалық техникасымен орындалған Шығыс Қазақстанның әсем пейзаждары («Шуақты жағалау», «Қыстау», «Аюдинка», «Таудағы көл») орын алған. Бұл туындылар жуықта Қытайда көрсетілген болатын. Витриналарда суретшінің бедерлі аумақтық панно техникасымен ағаштан ойып, майлы бояумен әшекейлеп жасаған жұмыстары қойылған. «Таң» атты жұмысы - авангардтық кескіндемемен әуестенудің жемісі.

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив