KZ
Өскемен
+17°
ясно жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Өскеменде “Халық қалаулысы” атағына лайық мүгедек суретші бар

24.02.2012, 18:00 328


37 жастағы Сергей Елисеевтің басы ғана қимылдай алады. Басына арнайы белдік киіп, оған қылқалам жалғап алған суретшінің туындыларын тіпті кез-келген он екі мүшесі сау адам қайталай алмайтыны анық.
Бұл адамды батыр демеске амал қайсы. Тумысынан мүгедек Сергей басын ғана қозғалта алады. Қалған мүшелері жансыз. Алайда мүгедек жан өмірдің қиындығына ешқашан мойынсынбаған. Төрт қабырғадан мезі болған ол шарасыздықтан сурет әлеміне қалай еніп кеткенін өзі де сезбей қалыпты.

Сергей Елисеев, суретші:

- Суретші болам деген ой келмеген еді. Күні бойы қимылсыз отырғандықтан, осы істі аяқ асты бастап кеттім. Алдымен жануарларды, сосын кітаптардан қарап табиғатты сала бастадым. Кейде аяқ асты салған дүнием өзімді таң қалдырады.

Сергей басына орнатылған құралды 18 жасында ата-анасының көмегімен кәдімгі бөтелкеден жасап алған. Ең басты ақылшысы да, қамқоршысы да сол ата-анасы.

Маргарита Елисеева, С.Елисеевтің анасы:

- Ұлымның барлық суреттері бірден керемет боп шығады дей алмаймын. Ара-арасында «мына жерің дұрыс болмай кетті» деп дауласып, ұрысып та қаламыз.

Қылқалам шебері қыс бойы пәтерден шықпағанымен, ала жаздай саяжайда жүреді. «Шабыт пен қиялдың қайнар көзі - табиғат» - дейді ол. Сондықтан болар, туындыларының көбісі өлкенің әсем келбетіне арналған. Дегенмен көздеген биігі де жоқ емес.

Сергей Елисеев, суретші:

- Ешқашан мойымау керек. Аяқ- қолым жансыз болса да, бір сәтке еңсемді түсірген емеспін. Болашақта атақты Рерих сияқты тауларды әсем бейнелесем деп армандаймын. Әттең, бір суретім сол кісінің туындысына аздап ұқсаса, мына өмірге бекер келмеген екем деп айта алар едім.

Сергей Елиссевтің қолынан 100-ге жуық туынды шықты. Кейбір суреттерін сұрап келгендерге сатып, азын-аулақ ақшасын тауып жүр. «Екі қолға бір күрек таппай жүрген, тепсе темір үзетін жігіттердің жайын түсіне алмай-ақ қойдым» - деп кейиді кейіпкеріміз. Ал өзінің ендігі мақсаты - шаң басып тұрған суреттерін көрмеге қою.

ktk.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив