KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 1,9 м/с, В
479.05 534.57 5.17

Туризмді дамытудың жол картасы жасалды

22.01.2015, 18:00 156



Шығыс Қазақстан облысында туризм саласын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Бұл жөнінде брифинг өткізген ШҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ержан Сембинов атап көрсетті.

Басқарма басшысы 2014 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, Шығыс Қазақстандағы туризмді дамытудың жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Шығыс өңірі талайды тамсандырған тамаша табиғатымен ерекше. Туризмді дамытуға мүмкіндік көп. Басқарма басшысы Ержан Сембиновтың айтуынша, ең басты мәселе - облыстағы жолдардың жағдайы. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен «Туризмді дамытудың жол картасы» жобасы жасалып, бекітуге тапсырылыпты. Тапсырмаға сәйкес барлық аудандардағы жолдар қажетінше жөнделеді. Бұған 5,3 млрд. теңге жұмсалады. Оның ішіне жол инфрақұрылымы, демалыс кешендерінің құрылысы, туристік маршруттар, туристік ақпараттық орталықтар орналастыру кіріктірілген. Бұл қаржының 3,5 млн. теңгесін инвесторлар бөледі. Қытайдың инвесторлары қаржы құйып, Семейдегі Түйемойнақ аралын абаттандырып, туристерді тартуды жоспарлап отыр.

- Үлкен Нарын - Күршім бағытындағы жолдардың мәселесі шешілуде. Сондай-ақ, Үлкен Нарынға әуежай салынады. Құжаттары дайын. Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай бабаның басына баратын жол да жөнделеді, - деді Ержан Сембинов.

Былтыр Шығыс Қазақстанда туризм саласы бойынша 300 нысанда 3,2 млрд. теңгенің қызметі көрсетіліпті. Демек, ішкі туризм 2013 жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға артқан. Ал шетелде демалушы туристер 7322 адамға азайған. Туризм саласын одан әрі дамыту үшін 2020 жылға қарай туризмнің жол картасы жобасы бекітіліп, 2015-2017 жылдар аралығына 80 жоба әзірленіпті. Өткен жылы Шығысқа 156 мың турист келіп, демалған. Осы ретте журналистер аймағымыздағы туристік кешендердегі демалу құнының қымбаттығын айтты. Мәселен, Түркияда демалу әлдеқайда арзан көрінеді. Оның үстіне ол жақта көрсетілетін қызмет те сапалы.

- Шығыстың климаттық жағдайы да қолайсыз. Он екі айдың үш айында ғана туристерді қабылдай аламыз. Бірақ климатымызға қарай қысқы туризмді де дамытуымыз керек. Қызмет сапасын арттыру қажет. Баға реттеледі. Ол үшін әр азамат өз елінде демалып, қаржыны өзімізде қалдырғанымыз жөн. Сонда қаржы қызмет көрсетуге жұмсалып, сапа да арта түсер еді, - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, мамыр айында облыста ЭКСПО көрмесін өткізу жоспарда бар. Көрмеге бірнеше павильон қойылып, ғалымдар тартылады. Ол байқаудан өткендер Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне жолдама алады.

Брифинг барысында Е.Сембинов ауыл туризміне қатысты да өз ойын айта кетті.

- Бәріміз ауылдан шыққандықтан ауыл туризмі көпшілікті таңғалдыра қоймайды. Бірақ қаржы бөлінгендіктен, жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, Риддер, Катонқарағай, Күршім аудандарында бір-бір шаруа қожалығын көрікті жерге орналастырып, ақылы түрде туристерді қабылдайтындай етіп жасау ойда бар, - деді ол.

Мерей Қайнарұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив