KZ
Өскемен
пасмурно жел 4 м/с, Ю
492.22 529.38 5.03

Арқардың қозықаларын қолда ұстап отыр

27.08.2014, 18:00 255




Өкпеті тауын жағалай жайлап, айрандай ұйып отырған Үштөбе ауылы. Тіршілігі ағараңдап атқан таңмен жарыса басталатын ауылға күн сәулесі түскенімен, қыстың ызғары әлі де бар. Тимур күндегідей күрең атты сипай қамшылап, бір отар қойды қозысымен, ешкі-лағымен өріске қарай бағыттады.

Он жылдан астам Тарбағатай тауымен сілемдесе жатқан Өкпеті тауының баурайында мал бағып отырған Тимур Жұмәділов осы уақыт ішінде табиғаттың талай тамашасын көрді. Ол Өкпетінің сай-саласын, айналасын бес саусағындай біледі. Қай жағында қандай аң мекендейтініне дейін айтып отырады. Жердің кеуіп, күннің енді ғана жылынып келе жатқан көктем кезі болатын. Тимур бүгін де қой-ешкісін өргізіп жіберіп, алаңсыз төңіректі көзбен шолып отыр. Енді ғана көгеріп келе жатқан беткейге кенеше жабысқан қойлар бір орыннан тапжылар емес. Сарқырай аққан өзеннің сылдырымен жағаласа жақын маңда суырдың аңқиттаған дауысы естілгендей болды Тимурға. Сенімді серігі, күшік кезінен қой қайырып өскен төбеті Сырттанға сенген ол жаяулатып жайлаудағы жартастардың арасын аралап кетті. Көп ұзамай-ақ ат шаптырым жерде арқардың қос қозықасы көрінді. Өз беттерімен жүрген қозықалар әлде неден шошынған сияқты. Енелері қасекеңе жем болды ма екен, кім білсін?! Тимур қос қозықаны қуып жүріп ұстап алды.

Арқардың қозықаларын қолда ұстап отыр


Далада бір күн қалса, жыртқыштарға жем болары анық. Сөйтіп, кешкілік екеуін қолтығына қысып, үйіне алып келді. Бүгінде бөтелкемен сүт береді. Қолға қанша үйренді дегенмен, жабайылықтың белгісі бар бәрібір. Үркектеу. Тимур қозықалар өсе келе далаға жібере салатынын айтады.

– Табиғатқа үйреніспей жатса, қоймен бірге жүре береді, – деп те қояды. Үштөбе ауылында бұрындары Ержан есімді (лақап аты «Қасқыр Ержан» екен) жігіт арқарды қоймен будандастырып, мүйізді қойлар алған кездер де болыпты. Соған қарағанда, қолға
үйренісіп кетуі де ықтимал. Өкпеті тауы жазығы аз жартасты жер. Тауды тілгілеп Боғас, Талдыбазар деген өзендер ағып жатыр. Бұл маңда баяғыдан арқар көп кездесетін көрінеді. Әлбетте, арқарды азық етіп жүрген түз тағыларының да қарасы аз еместей. Тимур бұрындары арқарды қойып, қасқырдың күшігін де асырапты. Жалпы, Өкпеті тауында аңның он сегізден астам түрі
мекендейді екен. Ал «Өкпеті» деген атаудың өзі «сиырлы беткей» деген мағынаны білдіреді.

Мерей Қайнарұлы
Шығыс Қазақстан облысы
Тарбағатай ауданы.


Мәлімет көзі: Аltaynews.kz



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив