KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 1,5 м/с, В
478.93 534.96 5.16

«СемАЗ» тракторларына сұраныс артып отыр

22.06.2014, 18:00 218



«СемАЗ» ЖШС жаңа «Беларус 3022ДЦ.1» және «МТЗ-3022» тракторларын құрастырып шығара бастады. Айта кету керек, «Беларус 3022ДЦ.1» тракторы бұған дейін пайдаланылып келген «К700» тракторына қарағанда өте жаңа үлгіде, техникалық сипаттамасы жағынан әлдеқайда жақсы және бағасы да тиімді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жаңа үлгіге 300 аттың күші бар Германияда жасалған керемет қозғалтқыш қойылғандықтан жанармай аз жұмсалып, жұмыс өнімділігі арта түседі. Трактор бір тәуліктің ішінде 60 га жерді жырта алады. «Беларус» тракторына барлық ауылшаруашылық техникаларын тіркеуге болады. Тасымалдауға жеңіл, толықтай автоматтандырылған, кабинасында ауа баптағыш орнатылған.

Еуразиялық экономикалық одақ үш елдің арасындағы қарым-қатынастардың қызу әрі жылдам жүруіне ықпал етуде. Белоруссиядан келген бір топ делегация Семейде болып, бірқатар келісімдерге қол жеткізген болатын. Могилев қаласының мэрі Станислав Бородавко әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында келісімдерге қол қойды. Айта кету керек, екі қала кәсіпорындары бір-біріне ұқсас. Бұл өзара маңызды әріптестікті нығайтуға жол ашады. Семей Ертіс өзенінің бойында орналасса, Могилев Днепрдің жағасында тұр. Екі қалада да тұрғындар саны 300 мыңнан асады. Семейдің Минскідегі трактор зауытымен іскерлік байланысы басталғанына бірнеше жылдай уақыт өтті. Алғашқы жылдың өзінде құрастыруға 420 трактор түсіпті. Минск трактор зауыты директорының бірінші орынбасары Валерий Александров Семейдегі трактор жасайтын «СемАЗ» кәсіпорнында шығарылатын өнімдер сапалы, сондықтан да зауыт Орталық Азияға ауылшаруашылық көліктерін шығаратын ірі өндіріс орнына айнала алады дейді. Биыл алғаш рет мыңдаған техника шығарылмақ. Қазір қолда бар үлгіге қосымша жер жыртатын қуаттылығы жоғары трактор түрі өндіріске енгізіледі. Беларусь елінің Бобруйск қаласындағы “Агромаш” кәсіпорнының өндіретін трактор тіркемелері мен қосымша жабдықтары СемАЗ-дықтар үшін қызығушылық туғызуда. Осы жабдықтар Семейде де шығарылатын болса, онда коммуналдық шаруашылыққа қажетті трактор түрі жасалатын болды. Жол сыпырғыш, қар күрегіштердің тракторға жасақталған түрлері қазіргі заман талабына сай шығарылмақ. Белоруссиядан келген өкілдер бұл жабдықтарды «СемАЗ»-да шығару үшін қажетті өндіріс алаңдары мен тәжірибелі мамандардың бар екендігіне көз жеткізді. “Беларус” тракторы Еуропада шығарылатын тракторларға қарағанда бағасы арзан, сапасы жоғары.

Мәселен, өткен жылы Минск трактор зауыты 47 мың дана техника түрлерін шығарса, оның 6 мыңы Белоруссияға қалдырылып, қалғаны Ресейге экспортқа шығарылған. Үш елдің кедендік оңтайлы өзгерістері тауарларды еркін алмасуға септігін тигізіп отыр. Могилев мэрі Станислав Бородавконың айтуынша, шаруашылық саласында тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу өндірісті ілгерілетеді.

«СемАЗ» ЖШС бас директоры Әсемхан Досқұжановтың айтуынша, өндіріс орны ауыл шаруашылығына қажетті тракторлар шығаруды тұрақты түрде қолға алмақ. Ал алдағы жылы ауыл шаруашылығы техникасына деген сұраныстың өсуіне байланысты өнім өндіру көлемі де арта түспек. Кәсіпорын Беларусь елімен бекіткен 2009 жылғы келісімшартқа орай жылына 700-дей трактор шығарып келеді. Жоспарда ауыл шаруашылығына арналған 1250 машина шығару да бар. Мұның тиімділігі - өзімізде шығарылатын өнімдер германдық өнімдерден әлдеқайда арзан. Биыл «СемАЗ» зауыты Алматыны газбен жүретін 50 автобуспен қамтымақ. Себебі, биыл кәсіпорын «ГАЗель» автомобилін жинақтауға кірісті. «СемАЗ» директоры Әсемқан Досқұжановтың айтуынша, «ГАЗель» мәшинелері негізінен «Жедел жәрдем», «Сүт таситын», «Тоңазытқыш» сияқты көліктер болып бөлінеді. Бұлар жабық қорапты фургондар деп аталады. Сондай-ақ, кәсіпорын Евро-3, Евро-4 автобустарын да шығармақ. Соңғы кезде мұнда жұмыс орны 80-нен 300-ге дейін көбейген. Олар өз өнімдерін Беларусь еліне, Ресейге, Қытайға шығаруда, ол жақтардан тапсырыс өте көп түсуде. Жылына «СемАЗ» 200-300 автомобиль шығару мүмкіндігіне ие.

Раушан Нұғманбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив