Кеше ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Өскемендегі бірқатар мекемелерге ат басын байлап, көп жағдайда еңбектері ескерілгенмен, өздері елеусіз қалатұғын, салауатты қоғам қалыптастыруға салмақты үлес қосудан тынбай жүрген аруларымызды Халықаралық әйелдер мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Талайына тастанды болу жазылған бөбектерді мейірім шапағатына бөлеп, аялы алақан-дарында өбектеп өсіріп жатқан Өскемендегі мамандандырылған сәбилер үйінің қызметкерлері үшін 6-наурыз ерекше күн болды. Көктеммен бірге көтеріңкі көңіл күй алып жететін осынау шуақты мейрамды бұл мекеменің ұжымы жыл сайынғы дәстүрлі әдеттен ауытқып, өзгеше қарсы алды биыл. Оған себеп – облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастаған лауазым иелерінің қайырымды жүректерге толы қара шаңыраққа арнайы келіп, құрмет көрсетуі болды.
Сәбилер үйінің директоры Гүлнар Даниярованың айтуына қарағанда, аталмыш мекеменің іргесі сонау 1945 жылы құрылыпты. Содан бері міне, қаншама мыңдаған тасжүрек аналардың тастанды нәрестелерін бауырына басып, қамқорлық көрсетіп келеді. Қазір ол жерде жөргектегі жаңа туылған шақалақтан бастап бес жасқа дейінгі ұзын саны 112 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оның ішінде екі топқа мүмкіндігі шектеулі балалар топтастырылған.
Көңілге медеу болатын бір дерек, кейінгі уақытта олардың саны азая бастаған. Мәселен, 2010 жылы мұндағы жетімектердің саны 150-ді құраған. Оған бала асырап алушылар мен қамқоршылардың көбейіп, керісінше перзентханадан келетін бөпелердің сирей түсуі өзінің оң әсерін тигізген.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балақайларға әке орнына әке, шеше орнына шеше болған екі жүздей қызметкер осы мекеменің қабырғасында қызмет етсе, соның тоғызы ғана ер-азамат, қалғаны әйел заты.
– Осындай мереке күндері біз-дер елдің алдында жүрген немесе басшылық қызметтегі әйел азаматтарды, дәрігерлеріміз бен ұстаздар қауымын алқалап, сіздердей еңбегі ерен қарапайым қызметтегі аруларымызды елеусіз қалдырып жататын сәттердің болатыны шындық.
Сол себепті біз биыл осы дәстүрді өзгертіп, ең алдымен еліміздің бола-шағы саналатын өскелең ұрпақты тал бесіктен тәрбиелеген мейірбан жүректі сіздерді – сәбилер үйінің ұжымын Халықаралық әйелдер мейрамымен құттықтауға арнайы келдік, – деген Жақсылық Омар асқан жауапкершілікті талап ететін бейнетті де сауапты істеріне табыс тілеп, ала келген сый-сияпаттарын ұсынды.
Сәбилер үйінің сәнін кіргізіп, береке-бірліктің ұйытқысына айналған әйел қызметкерлерге хош иісі аңқыған гүл шоқтарын сыйлап, ал кішкентай құлыншақтарға сан түрлі ойыншықтар үлестірді. Бүлдіршіндер де қарап қалған жоқ, қамқоршы аға-әпкелеріне дайындаған концерттік бағдарламаларын қойып, ән-биден шашу шашты.
– Біздің жұмыстың қиындығын көпшілік түсіне бермейді. Бұл сәби-лерге бүкіл жан-жүрегімізбен елжіреп, туған баламыздан артық әлпештейміз, бағып-қағамыз. Мұндағы кішкентайлардың тек қана екеуі тұлдыр жетім, қалғандарының тастап кеткен ата-аналары бар, – дейді Гүлнар Даниярова.
Облыс Әкімінің орынбасары балалар үйін аралап көріп, жағдайымен жақынырақ танысты. Алатын жалақылары айтарлықтай көп болмаса да өз міндеттерін адал атқарып жүрген тәрбиешілермен сұхбаттасып, жүздерінен аналық мейірім мен махаббаттың лебі ескен абзал жандардың ақтарыла айтқан өтініш-тілектеріне ден қойды. Жарық әлемнің пердесін мүгедек болып ашып, тағдырдың тауқыметін қатар тартып өсіп келе жатқан бейкүнә балақайлармен тілдесті, құндақтағы нәрестелер бөлмесіне бас сұғып, көрді.
Сонымен қатар, облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қаладағы «Алтын-ай» мүгедек әйелдердің қоғамдық бірлестігінде болып, еңбектің көрігін қыздырған мүмкіндігі шектеулі нәзік жандарды келе жатқан мерекелерімен құттықтады. Үкіметтік емес ұйымның мүшелерімен сөйлесіп, проблемасына көңіл бөлді. Қоғамдық бірлестік төрайымы Мағиза Мирвазетдинованың айтуына қарағанда, бүгінгі күні шешімін таппай тұрған мәселенің бірі – тапсырыс көлемінің аздығы. Яғни, тапсырыстың аздығынан мүгедек әйелдер істейтін тігін цехы өзінің жұмыс қуатын толық пайдалана алмай отыр. Сондықтан бірлестіктегілер аймақ басшысының орынбасарынан тапсырысты арттыруға көмектесуді өтінді.