KZ
Өскемен
+20°
пасмурно жел 6 м/с, СБ
439.4 473.54 4.76

Терможаңғырту бағдарламасы бойынша Семейде 12 тұрғын үй жөнделді

3.03.2014, 18:00 144



Семейде терможаңғырту бағдарламасы бойынша 12 тұрғын үйге жөндеу жүргізілді. Жөнделген 12 тұрғын үйге 200 миллион теңге жұмсалыпты. Мәселен, Глинка, 41 мекен-жайындағы сегіз пәтерлі үй 1954 жылы салынып, пайдалануға берілген. Осы уақыт ішінде тұрғындар бірде-бір рет үйді жөндемеген. Олардың айтуынша, жарты ғасырдан астам уақыт ішінде жертөле, шатыр, инженерлік құрылымдар, су және жылу құбырлары жарамсыз болып кеткен.

– Соңғы кезде бұл үй апатты жағдайда болды, – дейді «Рысқұлов 33» ПИК-інің төрайымы Ғалия Мұқанова. – Содан тұрғындар абыржыған соң, бастамашы топ құрып, терможаңғыртуға қатысуды жөн көрдік. Сөйтіп, жоғарыда аталған дүниелерден басқа аула, құбырлар жаңартылып, жөнделді. Бұл бағдарлама өте пайдалы.

– Біз өз күшімізбен осындай ауқымды шаруаны атқара алмас едік, – дейді тұрғын Ләйла Нұрпейісова, – төрт миллион теңгеге шатыр жөнделіп, домофоны бар есік қойылғанда қуанышымызда шек болмады.

Семейде үйлердің тұрғызылғанына 40-50 жыл болғандықтан, көбінесе көппәтерлі үйлердің бірінші және соңғы қабаттары суықтан аңырап тұрады. Пәтер сатар уақытта ол да есепке алынып, бағасы төмендейді. Мәселен, Түркісіб көшесін 49-шы көппәтерлі үй жеделсаты жоқтықтан қаншама жыл зардап тартып келген. Тұрғындардың жалпы жиналысында барлығы бірден дауыс беріп, терможаңғыртуға қатысуды жөн деп санады.

– Міне, 20 жыл болды жеделсаты жұмыс істемеді, – дейді тұрғын Любовь Беккер.

– Сөйтіп, терможаңғырту біздің соңғы мүмкіндігіміз болды. Басында сеніңкіремей, ақшамыз далаға кете ме деп, қорқып едік. Олай болмай шықты. Бірден екі жеделсаты іске қосылғанда, өз көзімізге өзіміз сенбей, қуанғаннан жылап жібердік. Тамыз айынан бастап, жеделсатымен көтеріле бастадық. Әрине, жеті жыл бойы ақысын төлеп отыратын боламыз, бірақ еш өкінбейміз. Мен үш бөлмелі пәтерде тұрамын. Сондықтан жеті жыл бойы 2400 теңгеден тө-леймін. Бұны қалтам көтереді.

Мамандардың айтуынша, Семейде 1306 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 20 пайызы ғана терможаңғыртуды пайдаланған. Қалғандары, әрине, әртүрлі деңгейдегі жөндеуді талап етеді. Сондықтан да терможаңғыртудың игілігін көріп,үйлерін жөндеп алу тұрғындардың өз қолында. Айта кету керек, осы бағдарламаға сәйкес тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қазақстандық даму және жаңғырту орталығымен бірге тұрғын үйді жөндеудің екі жүйесін әзірлеген болатын. Бұл екі жүйе бойынша да қалада біршама жұмыстар атқарылды. Қазір осыған орай ТКШ бөлімі, тұрғын үй инспекциясы мен әлеуметтік жәрдемақы бөлімі мамандары бірігіп, жүйелі жұмыс істеуде. Биыл терможаңғырту бағдарламасына қатысуға ниет білдіргендер қатары біршама артып отыр. Жоспарға сәйкес, қайта жөндеуді қажет ететін 40 тұрғын үйдің тізімі жасалды. Яғни, терможаңғырту бағдарламасы биыл да жалғасын табады.

Раушан Нұғманбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив