Өскемендегі Республика алаңында су жаңа 21 көлік сап түзеп тұрды. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры өңіріміздегі пошта саласына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында бірнеше жаңа техника бөлген болатын. Көліктердің кілтін ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Бұл көліктерді жылжымалы пошта деп айтқанымыз дұрыс. Техника заманауи құрылғылармен жабдықталған. Ішкі жабдығы үш бөліктен тұратын УАЗ-3741 автомобильдері пошта қызметіне лайықтандырылып жасалған. Артқы есігі арқылы халыққа қызмет көрсетіледі. Ол жерде клиенттерге арналған үстел мен орындық орналасқан. Тұрғындар газет-журналдар мен зейнетақыларын сол жерден алып, хат-хабар, сәлемдемелерін де поштаға салып жібере алады. Ортаңғы бөлігінде кассир орны, электронды таразы, ноутбук пен принтер орнатылған. Пошта қызметкері ешқайда шықпастан, асай-мүсейін, қажетті құрылғыларын арқалап жүрмей-ақ, көлік ішіндегі кешенді аспаптармен халыққа қызмет көрсете алады. Көліктің үшінші бөлігі жүргізуші мен операторға арналған. Мұнымен қоса, жаңа УАЗ-дың ішінде аптап ыстықтар мен қақаған аяздарда да қиындықсыз жұмыс істей беру үшін айтарлықтай жағдай қарастырылыпты. Автономдық жылыту құралдары мен салқындату жүйесі жетілдіріліп жасалған.
Көліктердің кілтін тапсыру салтанатында облыс Әкімі пошта саласы ең алдымен, адамдардың қарым-қатынас құралы екендігін атап өтті.
– Қазіргі күнде осы саланың ең басты қызметі – ауылдарды ақпараттандыру, жаһан жаңалықтарынан құлағдар ету, қарияларға зейнетақыларын уақытында жеткізу. Халықтың негізгі бөлігі ауылдарда тұратынын ескерсек, оларға қызмет көрсету үшін әмбебап техника, мінсіз құрал-жабдық керек. Бүгінгі қолдарыңызға тиіп тұрған көліктердің ішінде пошта қызметіне қажет аспаптардың түгелі орналасқан. Сол үшін ең алдымен, бізге осындай техника бөліп отырған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына алғысымды айтқым келеді. Аудандық пош-та тораптары бүгінде ауқымды шаруаларды атқарып келеді. Сіздер алыстағы ауыл-дардың ой-шұңқырына қарамай, бұрқасын борандарына мойымай, қысы-жазы шалғай елді орталықпен байланыстырып келесіздер. Жаңа көліктер жұмыстарыңызды жеңілдетіп, қызмет сапасын арттыратынына сенімім мол, – деді аймақ басшысы.
«Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Ербол Көбентаевтың айтуынша, жылжымалы поштаның ыңғайлы тұсы – көліктердің шалғай ауылдарға кедергісіз баруы. Ауылдардың барлығында қазір бұрынғыдай пошта үйлері жоқ. Аудан орталығындағы құрылғыларды алып жүру тіптен оңай емес. Директордың сөзіне сенсек, жол талғамайтын УАЗ автомобильдері аудандағы ең шалғай деген ауылға бұдан былай аптасына екі мәрте қатынайтын болады.
Аудандық пошта байланысы торап-тарының басшылары да өз қуаныштарын жасыра алмады. Жарма аудандық пошта филиалының басшысы Дархан Мешім-баевтың айтуынша, шалғай ауылдарға хат-хабар, газет-журнал, зейнетақы-төлемақыларды уақытында жеткізіп тұру оңай емес. Терістаңбалы, Кішіқарасу сияқты аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдарға енді аптасына екі мәрте баруға болады.
Көліктер Семей, Өскемен қалалары мен Аягөз, Бородулиха, Жарма, Зырян, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үржар аудандарының пошта байланыс тораптарына берілді.