KZ
Өскемен
+7°
пасмурно жел 3,5 м/с, ОШ
443.37 474.49 4.83

Мемлекеттік сатып алу конкурстарын кешіктіру қаржы игеруге кесірін тигізеді

4.02.2014, 18:00 79



Биыл қаржы игеруде қапы қалмауды ойласақ, конкурстарды дер шағында өткізуіміз керек. Ол үшін ең қолайлы уақыт - жылдың басы. Алайда, өңірдегі бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бұл мәселеге келгенде, әлі де болса ширақтық таныта алмай келеді. ШҚО Әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткізілген селекторлық режимдегі кеңейтілген аппараттық кеңесте осы және өзге де көкейкесті проблемалар талқыланды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық процедуралардың өту барысы жайында баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Манарбек Сапарғалиевтың дерегіне сүйенсек, ағымдағы жылы аймақта мемлекеттік органдармен жалпы сомасы 39,4 млрд. теңгеге 614 конкурс жоспарланса, соның 281-і (құны 24 млрд. теңге) ғана жарияланған. Бұл реттегі ең төменгі көрсеткіштер Семей, Курчатов қалаларына, Абай, Бесқарағай, Зырян, Катонқарағай, Ұлан аудандарына, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, жастар саясаты мәселелері, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс басқармаларына тиесілі.

Соның ішінде баса маңыз беруді талап ететін – Үкіметтің бақылауындағы инвестициялық жобалар бойынша өткізілетін конкурстар. Олардың жалпы саны бізде 105 конкурс болса, мұның 75-і әлеуметтік мәндегі нысандарды салу мен жөндеуге, 30-ы жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеуге қатысты. Бүгінгі күні құрылыс бойынша белгіленген 75 конкурстың 48-і ғана жарияланған. Сол секілді құрылыс басқармасына тиесілі 8 жобаның мемлекеттік сараптама құжаты жоқ, жобалық-сметалық құжаттамаларға түзетулер енгізілмеген. Осылай деп ақпарат берген Манарбек Сапарғалиев аталған түйткілдерді тезірек шешпесе, ертеңгі күні кесірі тиетінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бір кем тұсы, анықталған 8 жобаның барлығы әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты екен. Ал конкурстардың өз уақытында сайтқа орналастырылмау себебіне келсек, мемлекеттік мекемелердегі жауапты қызметкерлердің электронды қолтаңбасы болмауы, ауылдық жерлерде интернет жылдамдығының төмендігі, локализациямен байланысты мемлекеттік мекемелердің жаңа код алуымен қайта тіркелу және тиісті веб-порталдың шамадан тыс жүктелуі. Дей тұрғанмен, аймақ басшысы бұл себептер жұмысты тезірек орындап тастауға кедергі еместігін алға тартты.

– Оның бәрі – сылтау. Шындығына келгенде, конкурстарды сайтқа орналастырудың түк қиындығы жоқ. Үнемі айтамыз ғой, конкурстарды қыста, яғни, құрылыс саябырсыған уақытта өткізіп алуымыз керек.

Сонда көктем шыға іске кірісіп кетуге ешқандай тосқауыл болмайды. Ал енді қазір конкурсты ақпанда жарияладыңыздар дейік, оны наурызда өткізесіздер, сәуірде қорытындысын шығарасыздар. Сөйтіп, құрылысты бастағанша жаз да болады. Соның кесірінен құрылыс жұмыстары жоспардан кешігіп, қазына қаражаты игерілмей қалады. Неге мұны ескермейсіздер? – деп қатаң сынға алған аймақ басшысы жиында талқыланған келесі мәселеге қатысты да өзінің өткір пікірлерін айтты.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив