KZ
Өскемен
+25°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОБ
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Облыста жұмыссыздық көрсеткішін төмендету қажет

7.10.2013, 18:00 101


Өңірдің өткен тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, қаржы игеру, проблемалық кәсіпорындардың жағдайы, Алматыда болатын Шығыс Қазақстан облысының күніне дайындық барысы және басқа да өзекті мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен селекторлық режимде өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Алдымен аймақ басшысы жақында ғана болып өткен Қазақстан – Ресей орман форумын ұйымдастыруға және жоғары деңгейде өткеруге атсалысқан тиісті адамдарға алғыс айтып, осы жиында көтерілген мәселелер, ұсыныс-пікірлер жерде қалмай жүзеге асырылуын бақылауға алуды тапсырды.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың дерегіне сүйенсек, алдын ала анықталған нәтижелер бойынша ағымдағы тоғыз айда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда төмен емес екен. Сол сияқты биылғы жаздың ылғалды болуы егістік алқабының әр гектарынан орташа есеппен 17 центнерден өнім алуға мүмкіндік туғызған. Соған қарамастан Аягөз, Жарма, Көкпекті, Бесқарағай, Ұлан аудандарында егістік шығымы айтарлықтай жақсы емес. Дегенмен, мамандар болжамына сәйкес осы жылы өңірде 1 млн. тонна шамасында өнім жиналмақ.

Бір айта кетерлігі, әділет органдарында тіркелген, бірақ бүгінгі күні жұмыс істемей тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері облыстың көрсеткіштеріне біршама кері әсерін тигізуде. Бұл ретте Өскемен қаласының қолға алған шаруаларын дұрыс деп санаған облыс әкімі өзге қалалар мен аудандардың басшыларына және тиісті орындарға қаңтарылған кәсіпкерлік нысандарды тексеру арқылы тізімге алып, бір жағына шығаруды тапсырды.

Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және жұмыспен қамту мәселелері де кеңестің күн тәртібінен тыс қалмады. Қазір күзгі жиын-теріннің арқасында ауыл шаруашылық өнімдерінің, оның ішінде көкөністің бағасы әзірге көтеріле қойған жоқ. Әдеттегідей қыс түсе қымбаттайды. Соған сәйкес өңір басшысы Бердібек Сапарбаев тұрақтандыру қорының жұмысын ширатуды, бұл орайда Павлодар облысының тәжірибесін қаперге алуды, Өскемен мен Семей қалаларында аудандардың шаруаларына өз өнімдерін делдалсыз сататын сауда орындарын ашуды және басқа да түйткілдерді шешуді міндеттеді.

«Жұмыспен қамту» бағдарламалары бойынша мемлекеттен көп мөлшерде қаржыға қол жеткізе тұра, жұмыссыздық деңгейі жыл басынан бері бар-жоғы 0,2 пайызға ғана төмендеген.

– Бұл – нашар көрсеткіш. Ең кемінде жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға төмендеуі керек еді. Өкінішке қарай мемлекеттік бағдарламалар арқылы қыруар қаржы бөлінсе де, нәтиже мақтанарлық емес. Айталық, жастар мен әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі бойынша біздің облыс республикада алғашқы орында. Тағы да қайталаймын, олай болса қыруар ақшаны не үшін аламыз?! – деп облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы О.Кузовлеваға сұрақты төтесінен қойған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жыл соңына дейін бұл көрсеткішті аз дегенде 4,7 пайызға жеткізу міндетін жүктеді.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов биылғы тоғыз айдағы қаржының игерілуі туралы да ақпараттар ұсынды. Қаржы игеруде көштен кейін қалғандар қатарында: Жарма, Аягөз, Зырян, Көкпекті, Ұлан аудандары мен денсаулық сақтау, білім, құрылыс, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары бар. Осы ретте өңір басшысы ұқсатылмай жатқан мемлекет қаржысын жауапкершілігі жоғары, өз ісіне тиянақты қарайтын басқа игерушілерге беру арқылы проблеманың түйінін тарқатуды ескертті.

Бұған қоса баяндамашы 14-қазанға жоспарланған ауыл шаруашылығы, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлерінің қатысуымен біздің облыста өтетін өңірлік мәжіліске дайындық барысына тоқталды.

Серік Әбілхан

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив