KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
478.93 534.96 5.16

«IT Шығыс-2013» көрмесі Өскеменде тұңғыш рет өтті

6.12.2013, 18:00 152



Өскемендегі №25 мектептің 6-сынып оқушысы Малика Құнанбаева өзінің бауыры Алмаспен бірге «Альфа Рекс» құтқарушы роботын жасап шығарды. Жас құрастырушылар өз жобаларын аймақта тұңғыш рет ұйымдастырылған «IT Шығыс-2013» көрмесінде көпшіліктің назарына ұсынды, деп хабарлайды Altaynews.kz. тілшісі.

– Туындымызды құтқарушы робот деп атауымыз тегін емес. Кейін мұндай роботтар түрлі табиғи не техногендік апаттан зардап шеккен аймақтарда адамдарды құтқару жұмыстарына атсалысады деп үміттенеміз. Жалпы, бұл роботты Lego конструкторларының көмегімен жасадық. Бұл бірінші роботымыз емес, бұған дейін де түрлі жұмыс атқара алатын құлтемірлер жасаған болатынбыз. Енді жұмысымызды көрмеге әкеліп, өзіміз сияқты жас робот жасаушылармен кездесіп, олардың жұмыс-тарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алып отырмыз. Мұндай көрмелер жиірек ұйымдастырылса, жақсы болар еді, – деген Малика мектептерде робототехниканың негіздерін үйрететін үйірмелер ашылса деген де тілегін жеткізді.

Жалпы, бұл көрменің еліміздің Шығысында өткізілуі кездейсоқ жағдай емес. Республика көлемінде шығарылатын IT өнімдердің басым бөлігі біздің облысқа тиесілі екен. Атап айтқанда, компьютерлік бағдарламалардан титтей болсын хабары бар жанға жақсы таныс 1С негізіндегі шешім мен тұңғыш қазақстандық «Альтаир» антивирустық бағдарламасы сияқты жаңалықтар Шығыс Қазақстанда жарық көрген.

«IT Шығыс-2013» көрмесі Өскеменде тұңғыш рет  өтті

– Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі электронды үкімет бағдарламасын ойдағыдай енгізіп келе жатқан аймақтардың бірегейі. Облыстарыңызда көптеген жаңа қызмет түрлері электрондық жүйе арқылы көрсетіле бастады. Бұл – мемлекеттік қызмет органдары үшін де, қарапайым тұрғындар үшін де тиімді. Біздің компания «Smart City – шынайы IT-экономика» бағдарламасын жүзеге асырумен айналысуда. Бұған дейін Астана мен Алматы қалаларында нәтижелі орындалған бағдарлама енді «Smart Region» деген атаумен еліміздің өзге аймақтарында да жүзеге аспақ. Және де бағдарламаны енгізуді сіздердің облыстарыңыздан бастауымыз тегін емес. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа осындай маңызы зор көрмені ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді, – деді өз сөзінде «Dynamics Technologies» ЖШС жетекшісі Сергей Волков.

Қазіргі уақытта аймақтағы органдар 125 мемлекеттік қызмет түрін көрсетсе, олардың 28-і электрондық түрде ұсынылады екен. Ағымдағы он айдың ішінде 4 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 8 мыңға жуығы электрондық жүйе арқылы жүзеге асырылыпты.

«IT Шығыс-2013» көрмесінің іскерлік бағдарламасы аясында қатысушылар үшін ақпараттық секциялар ұйымдастырылды. Олардың ішінде «Microsoft» ұсынған бұлтты технологиялар негізіндегі кешенді шешім-дер, деректерді қорғау, «Smart City», IT саласында бизнесті ұсынуға арналған шешімдер, бизнес инкубатор сияқты тақырыптық секциялар болды. Ал «Касперски зертханасы», «ESET», «1C», «2ГИС», «SOYLEM» және «Dr.Web» компаниялары тыңдаушыларға өздерінің соңғы өнімдерін ұсынды.

«IT Шығыс-2013» көрмесі Өскеменде тұңғыш рет  өтті

– Біздің компаниялар үшін мұндай көрмеге қатысу – ол жұмыстың жаңа бір кезеңі. Шыны керек, көпшілігіміз бірегей өнімдер шығарсақ та, ірі халықаралық шаралар ұйымдастырылғанда не көрсететінімізді, не айтатынымызды білмей қалып жатамыз. Яғни, өз өнімдерімізді тұтынушыға дұрыс ұсына алмай келеміз. Ал бүгінгі көрме IT-компаниялардың кәсіпқойлық деңгейін көтеруге, нарықта өздерін көрсете білуге тамаша мүмкіндік береді деп ойлаймын, – дейді «1С-Сапа» компаниясының серіктестермен жұмыс істеу жөніндегі менеджері Александр Степанов.

Нұржан Кенжеұлы
суреттерді түсірген Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив