KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
442.05 474.14 4.74

Қоршаған ортаға төлемақы мөлшерлемесі артады

27.10.2013, 18:00 127


Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс он бесінші сессиясында қоршаған ортаға эмиссияға төлемақы мөлшерлемелерін ұлғайту жөнінде шешім қабылданды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Экологтардың пікірінше, екі есеге дейін көтерілуі ықтимал төлемақы мөлшерлемелері табиғатты пайдаланушыларға, қоршаған ортаға белгіленген шектен тыс зиянды қалдықтарды шығарушыларға бұрынғыдан да қатаңдатылған шаралар қолдануға мүмкіндік бермек.

Қоршаған ортаға төлемақы мөлшерлемелерін ұлғайтудан түскен қосымша қаржылар Өскемен қаласының аумағында анықталған радиактивті ластану ошақтарын жоюға, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының, Белоусовка кентін-дегі және Курчатов қаласындағы тазалау нысандарының құрылысына және қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған өзге де іс-шараларға жұмсалмақ.

– Мәселені кейінге қалдырудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Бес айдан астам уақыт жоспарды түзетуге, қосымша қаражат көздерін қарастыруға артығымен жетеді. Оның үстіне келер жылдың сәуірінен бастап қана бұл экологиялық салықтар алына бастамақ. Қалдықтар көлемі азайып отырған жоқ, тұрғындар зиянды қалдықтардан зардап шегуде. Ертең оларға не деп жауап береміз? «Қазцинк» секілді кәсіпорын үшін бұл жүктеме соншалықты қомақты қаражат емес. Шамамен 300-350 млн. теңге көлемінде ғана. Өңір тұрғындарының денсаулығы біз үшін аса маңызды. Біздің ең бірінші мақсатымыз – жергілікті халыққа қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру, – деді осы мәселеге орай пікірін білдірген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сессияның қорытындысында депутаттардың басым бөлігі бұл шешіммен келісетіндіктерін білдіріп, қоршаған ортаға эмиссияға төлемақы мөлшерлемелерін екі есеге дейін ұлғайтуды қолдап, дауыс берді.

Дәурен Аллабергенұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив