2013 жылдың 20-26 қазан аралығында жер шарында, оның ішінде Қазақстанда да қорғасынмен уланудың алдын алудың Алғашқы халықаралық апталығы өтіп жатыр. Жеті күн ішінде көптеген елдерде бүкіл әлемнің назарын осы проблемаға аударуға қатысты әртүрлі шаралар жүргізілетін болады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешковтың айтуынша, қорғасын-мырыш комбинаты бар Өскемен үшін қорғасынмен улануға тосқауыл қою өзекті проблемалардың бірі болып табылады. « Бізде қорғасынның қалалықтардың денсаулығына қандай залал келтіріп жатқаны жайлы мәлімет жоқ. Алайда ресми деректер бойынша жыл сайын әлемде қорғасынның әсерінен ақыл-есі кем 600 мың бала тіркеледі. Бүкіләлемдік денсаулық ұйымының бағамдауынша, қорғасын жыл сайын 143 мың адамның өмірін қияды екен.
Қорғасынды дәрі-дәрмектің, косметикалық заттардың, зергерлік бұйымдар мен ойыншықтардың құрамынан кездестіруге болады. Қазақстанда тіпті балалар алаңындағы орындықтар мен ойыншықтарды сырлайтын бояулардың құрамынан да осы ауыр металды кездестіруге болады. Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры мемлекеттік сатып алуға тендер өткізген кезде осы жәйтті ескеріп, техникалық мінездемеде бояулардың құрамында қорғасынның болмауын талап ету қажеттігін айтады. Сонымен қатар жұмыстарды қабылдаған кезде мемлекеттік комиссия тарапынан сырланған бұйымдарға сараптама жүргізілсе деген ұсынысын жеткізді.
Қорғасынмен уланудың алдын алудың халықаралық апталығының ұраны «Бояуларда қорғасынды жою». Осыған орай әлемде 30-дан астам ел құрамында қорғасыны бар бояулардан біртіндеп бас тартқанын айта кеткен жөн шығар. Түпкі мақсат – 2020 жылға дейін бүкіл әлемде құрамында қорғасыны бар бояулардан бас тарту болып табылады.