«Нұр Отан» ХДП Семей қаласындағы филиалының саяси менеджмент мектебінде ҚР ІІМ Берімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, полиция полковнигі Жүсіп Айыпұлы Шалабаев «Халықаралық экстремизм және терроризм» тақырыбында жастармен кездесу өткізді , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі қалалық ішкі саясат бөлімінің ақпаратына сілтеме жасап.
Сонымен қатар кездесуге «Нұр Отан» ХДП Саяси менеджмент мектебінің «Шығыс Қазақстан аймақтық партиялық оқу орталығы» филиалының директоры А. Самаев, қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары А. Садырбаев, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жүсіп Айыпұлы кездесуге келген жастарға мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін деструктивтік идеология төңірегінде әңгіме қозғап, жат діни ағымдардан келер қауіп жөнінде кеңінен баяндады. Кездесу түсіндіру сипатында өтіп, жастар көкейінде жүрген сұрақтарға тұшымды жауаптар алды.