KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
471.83 505.66 5.4

Ахат Күленовтің ескерткіші Өскеменде ашылды

16.09.2013, 18:00 197


Өскемен қаласындағы Металлургтер мәдениет сарайының алдынан Ахат Күленовке арналған ескерткіш ашылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Халқымыздың біртуар ұлы Ахат Күленовтің өмірі мен еңбек жолы да ұлағатты істерге, өнеге мен ғибратқа толы. Ол еліміздің әлеуметтік мәселелерін шешуге қосқан үлкен үлесі үшін алғашқылардың бірі болып Елбасымыздың қолынан «Халық Қаһарманы» атағын алған болатын. Металлургия саласындағы көп жылғы ерен еңбегінің арқасында Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығын иеленді, ол кісінің өзге де атақ-даңқтары, наградалары бір төбе. Ахат Күленовтің есімі Өскеменнің маңындағы кентке, сондай-ақ, сол елді мекендегі №42 мектепке беріліп, кезінде өзі дәріс оқыған Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде естелік бөлмесі ашылған. Енді, міне, Металлургтер мәдениеті сарайының алдында Күленовтің кеуде мүсіні мен мұндалап тұр.

– Ахат Сәлемхатұлы ұзақ жылдар бойы «Қазцинк» зауытының басшысы болды. Ол еңбек етсең, қатардағы жұмысшыдан үлкен басшыға жететініңді, абырой-атаққа ие болатыныңды дәлелдеді. Еңбек еш уақытта зая кетпейді, қарапайым халық әрқашан еңбекті қадірлейді. Соның айғағы – Күленов кенті. Оған ешкім ресми түрде Күленовтің атын берген жоқ, оны халықтың өзі айтты. Себебі, сол елді мекенді салғызған Ахат Күленов еді. Халық үшін аянбай тер төккен осындай азаматтарды біз ешуақытта ұмытпауымыз керек. Бұл ағаларымыздың есімі мәңгілік сақталуы тиіс. Сол мақсатпен қаланың қақ ортасынан осы ескерткішті орнатып отырмыз, – деді салтанатты жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ескерткіш алдында өткен рәсімде Қорғасын-мырыш комбинатының ардагері Қайырбек Айжігітов, «Қазцинк» се-ріктестігінің вице-президенті Андрей Лазарев және Ахат Сәлемхатұлының қызы Жанат Кітапбаева әйгілі металлургтің өмір белестері турасында тағылымды естеліктер айтты.

Жанат Ахатқызы облыс әкіміне, «Қазцинк» кәсіпорнының басшылығына және әкесінің ескерткішін орнатуға атсалысқан басқа да азаматтарға шексіз алғысын білдіріп, Ахат Күленов үшін өмірдің мәні де, сәні де еңбек болғанын атап өтті.

Мүсіннің авторы облыс орталығындағы көптеген шағын формалардың авторы, өскемендік мүсінші Евгений Непьянов.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив