KZ
Өскемен
+14°
туман Штиль
474.71 511.74 5.54

Шығыс Қазақстан өнер мұражайында «Өткен шақ, кемел түр» көрмесі өтіп жатыр

12.09.2013, 18:00 216


Шығыс Қазақстан өнер мұражайында «Өткен шақ, кемел түр» көрмесі өтіп жатыр. Оған мұражайдың қор коллекциясынан алынған, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы кеңес суретшілерінің кескіндемелік туындылары, барлығы 32 жұмыс қойылған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі мұражайдың баспасөз ақпаратына сілтеме жасап.

Туындылар бұрынғы Кеңестер Одағының республикалары - Қазақстан, Ресей, Түркімен, Әзірбайжан, Грузия, Арменияның бейнелеу өнерімен таныстырады. Көрменің жанрлық түрлері: натюрморттар, портреттер, көпмәнерлі тақырыптық композициялар, тұрмыстық жанр суреттері мен лирикалық пейзаждар. Жұмыстардың бір бөлігі сол дәуірде үстемдік құрған социалистік реализм стилінде орындалған. Олар – С.В.Панаркинаның «Шағын бақ ішінде», Ю.Л.Фроловтың «Қыз портреті», В.К.Мордвиннің «Вьетнамда егіс науқаны» атты суреттері. Шартты түрдегі кеңестік стильдің ішінде өзіндік ерекше импрессионизм де кездесетін, оның мысалы - К.И.Шебеконың «Солтүстік Камчатка» атты ерекше ашық туындысы, онда кеңестік өнерден гөрі батыстың өнеріне тән ғаламды көрудің жаңа, авангардтық нышандары көріне бастаған. Қазақстандық суретші Д.О.Орымхановтың «Бейбіт балалық шақ», ресейлік суретші И.Н.Лотованың «Қырымда» еңбектері, әзірбайжандық Ф.С.Гуламовтың суреті де осы сияқты.

Мұражай қызметкерлері саналы түрде шығармашылығына саясат араласпаған суретшілердің туындыларын іріктеп алған. Келушілер көрмеден көсемдерді де, көшбасшыларды да, «адами келбеттегі социализмді» де көрмейді. Көрмені ұйымдастырушылар сол дәуір адамының соғыстан кейінгі кезеңдегі рухы ұжымдық пен оптимизмге толы ерекше бір сезімдегі психологиялық портретін көрсетуге тырысқан. Авторлар, суретші үшін ең күрделі болып табылатын аса нәзік сезімдерді, адам жанының уақыттан тыс ерекше эмоциялық әсерлерін шеберлікпен жеткізе алған. А.Г.Поповтың, Г.В.Тоидзенің, В.И.Лапиннің лирикалық пейзаждары жаныңды тыныштыққа бөлесе, Т.Ф.Нариманбековтың «Бакудегі жазғы күн» атты көлемді туындысы өмірге деген құштарлықты арттыра түседі.

«Көрмеге келіңіздер, ол сізге жуықта ғана болып өткен сияқты, бірақ қазір өткен шаққа айналған сезімдерді сөзсіз жақындата түседі. Және, мүмкін, өнермен өрнектелген өміріміз ерекше бір құндылыққа - кемел түрге (бұл бір жағынан грамматикалық категория болса, екінші жағынан - көзге көрініп тұрған мінсіздік) ие болатындығын түсінуге көмектесетін болар», дейді мұражай қызметкерлері.

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив