KZ
Өскемен
+6°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
443.37 474.49 4.83

Азық-түліктің ең төменгі бағасы осы жолғы жәрмеңкеде тіркелді

26.08.2013, 18:00 247


Металлургтердің мәдениет сарайы жанында өткен осы жолғы жәрмеңкеге бірқатар аудандар, Өскемен қаласының шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлері өнімдерін шығарды. Азық-түліктің ең төменгі бағасы осы жәрмеңкеде тіркелді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Қызу сауда барысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аралап көрді. Әдеттегідей жәрмеңкеге таң бозынан жиналған қалалықтар еттің келісін – 800, картопты – 60, қырық-қабатты – 30, сәбіз – 80, қияр – 120, сарымайды – 1000, балды – 1000, жұмыртқаның 10 данасын 140 теңгеден сатып алып қарық болды.

Көкөністерді арзан бағамен «Екімбаев» шаруа қожалығы, «Аманжол-несие» ЖШС, күнбағыс майын – жеке кәсіпкер «Воеводина», балды глубокоелық кәсіпкер И.Горшков, нан-тоқаш өнімдерін – жеке кәсіпкер «Фархат», сүт өнімдерін – жеке кәсіпкер «Полтавец» сатты.

Жәрмеңкеге келген жұрт бұл күні азық-түліктен басқа мектепке қажетті оқу құралдарын, кіржуғыш заттар мен төсек-орын жабдықтарын да арзанға алды.

Осы ретте қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі мен №7 жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің жүйелі жұмысын атап өткен ләзім. Сауда мәдениеті жоғары деңгейде ұйымдастырылған, сауда орындары таза, әрбір сатушыға санитарлық кітапшалар толтырылған.

Аягөздік Нұрғайша Абдулина осы жәрмеңкеге жиі қатысады. Зейнеткер әжей қоспа, құрт, сары май, ірімшікті саудалайды.

- Жәрмеңке жақсы дәстүрге айналып отыр. Қала жұрты іздегенін тауып алады. Шалымыз екеуіміз қолымыздағы малдың өнімдерін саудаға шығарып отырған жайымыз бар. Отырған орнымыз жайлы, таза. Облыс басшысына көп рақмет айтамыз, - деді ол.

- Қала жұртына арнап өткізіп отырған жәрмеңкеде ең қажетті тағам түрлерінің бағасын түсірдік. Шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер өздері өндіріп отырған өнімдерін төмен бағамен ұсынды, - деді Өскемен қаласы әкімі Т.Қасымжанов.

Жәрмеңкені аралаған облыс басшысы ең алдымен жылжымалы ветеринарлық зертхана жанына тоқтап, оның жұмысын көрді, өнім бағаларымен танысты.

Эльмира Тайырқызы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив