Көкпекті ауданы Көкжайық ауылындағы «Елім-ай-Көкпекті» агрокешені асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесі бар «Елім-ай» шаруа қожалығы базасында құрылмақ. «Елім-ай-Көкпекті» ЖШС толық циклді агроөнеркәсіптік кешен болып табылады. Серіктестікте төрт өндірістік бөлімше құрылмақ, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Бұл жайында тілшімізге «Елім-ай-Көкпекті» агрокешенінің дамуы туралы инвестициялық жобаның жетекшісі Серікбол Айтмолдин әңгімелеп берді.
Жоба бойынша кешенде екі мың басқа арналған асыл тұқымды репродуктор құрылады. Оның мақсаты ангус, герефорд сынды ірі қара мен бұрыннан қолға алынған қазақтың ақбас сиыры тұқымын көбейту болып табылады.
Сонымен қатар, жемшөп дайындауға қажетті ауыл шаруашылық дақылдары өсірілмек. Мың бастық мал бордақылау алаңында шаруа қожалықтарынан және аудан тұрғындарынан сатып алынған ірі қара бордақыланып, ауысымына 25-30 ірі қара етін өңдейтін ет өңдеу цехы құру ойда бар. Бұл асыл тұқымды ірі қарамен тек тұрғындар мен өзге шаруашылықтарды қамтамасыз етіп қана қоймай, сапалы етті экспорттап, ішкі нарықты түрлі ет өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні серіктестік өз қаражаты есебінен екі мың басқа арналған асыл тұқымды репродуктордың құрылысын бастап кетіпті.
2012 жылы ауданға 194 бас ангус және герефорд асыл тұқымды ірі қара әкелініп, жергілікті климатқа тез бейімделіп кеткен екен. Табындағы мал басы сақталып, 60 басқа көбейіп отыр. Осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында тағы 500 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынады деп жоспарлануда.
Бүгінгі күні агрокешенде жемшөп өндіру жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. 2013 жылы 3600 гектар алқапқа арпа, бидай, күнбағыс егілді. Жемшөп өндірісінің нәтижесін жақсарту үшін келесі жылдары серіктестіктің 14900 гектар жері толығымен пайдаланылмақ.
Мал бордақылау алаңы мен мал сою цехының жұмысы қыркүйек айында басталып, 2014 жылдың басында аяқталады деп жоспарланып отыр. Аталған нысандар іске қосылған соң, жыл сайын тұрғындардан орта есеппен алты мың басқа дейін ірі қара сатып алынбақ.
Серіктестіктің жайылымдық жері 34000 мың гектар жерді құрайды, сатып алынатын мал мамыр айынан қазанға дейін жайлауда ұсталады. Үш ауылдық округте мал сатып алумен шұғылданатын сатып алушы жұмыс істейтін болады. Сатып алынатын малдың жасы 9-19 айлық болуы міндетті және ол мал ветеринарлық тексеруден өтіп, сойылғанға дейін бақылауда болады.
Жобаның қаржыландырылуы «Қазагрофинанс» АҚ қорлары, «Елім-ай-Көкпекті» ЖШС-нің жеке қаражаты сынды қаржы көздері есебінен жүзеге асырылуда.
Аталған жоба ауыл шаруашылығының мүмкіндігін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін де жоғары көтермек.
Эльмира Тайырқызы