KZ
Өскемен
+21°
небольшая облачность жел 3 м/с, З
443.72 482.28 4.9

Дер кезінде анықталған дерттен науқас Жарма ауданында толығымен сауығады

2.08.2013, 18:00 123


Жарма ауданы Қалбатау ауылындағы №1 аудандық медициналық бірлестігінде КамАЗ автомобилі базасында жабдықталған жылжымалы маммографиялық кешен екі жылдан бері жұмыс істейді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– Әйелдердің денсаулығын сақтау, омырау безі қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында бұл дертті дер уақытында анықтау жұмыстарымен айналысудамыз. Аурудың алғашқы сатысында сырқаттануы білінген адамды толық емдеп шығуға болады, – дейді дәрігер-рентгенолог Алигер Қапанов.

Алигер Семей қаласындағы онкологиялық диспансерде маммографиялық аппаратты қолдану тетіктерін үйреніп, білімін жетілдірген. Рентгенолог-лаборант Азат Тілеужанов екеуі сүт безі қатерлі ісігін анықтауға арналған құрал-жабдықтың көмегімен шалғай елді мекендердің тұрғындарын тексеруден өткізіп, аурудың алдын алу шараларын жүргізуде.

Маммографиялық скрининг бағдарламасы қолданысқа енген жылдар ішінде ауданда жүздеген адам тексеруден өткен. Ауруды ерте анықтауда бұл бағдарламаның маңызы зор болып отыр. Қатерлі ісіктің бастапқы кезеңі анықталған жағдайда сырқат адам одан ары тексерілу үшін облыс орталығына жіберіледі. Бұл күндері медицина мекемелерін заманауи дәрігерлік құрылғы-аспаптармен жабдықтау жүзеге асырылуда. Елімізде бұл ауруға шалдыққандар алғашқы сатысынан бастап, күрделісіне дейін тегін емделеді.

– Өз тарапымыздан тұрғындарды скринингтік тексерістен өткізу жұмыстарын атқарып жатырмыз. 40 жастан асқан әйелдердің барлығы жылына бір рет омырауын маммографияға түсіруі керек. Қауіпті дерттің алдын алу үшін жас әйелдер де дәрігерге жиі қаралып тұруы қажет. Әркім өз денсаулығына мұқият көңіл бөлгені жөн, – дейді Алигер Қапанов.

Әлімжан Қадылбекұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив